Танымал тележүргізуші Дина Төлепберген желідегі парақшасында жаңа жазбасын жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
"Бұл – шын эмоция. Біз сезімді көпшілікке көрсететін жұп емеспіз. Бірақ бұл жолы оны жасыру мүмкін болмады. Биыл біз екеуміз "Oceanman Thailand" жарысына қатыстық. Қашықтығым – 5 км. Суда мен әдетте ешкімге қарамаймын: өз тынысымды тыңдап, өз ритміммен жүзіп отырамын. Бұл жолы да солай болды. Бірақ жағаға шыққанымда… Үнемі күліп, қол бұлғап қарсы алатын Маратты таппадым. Жүрегім зу ете қалды.
Өйткені бір күн бұрын күйеуімді медуза шағып, бет-ауызы ісіп кеткен болатын. Тропикалық медузаның шаққаны жай ғана қышу емес: денені күйдіріп, қысымды түсіріп, есеңгіретіп жіберетін жағдайлар болады. Сол ой қайта жетті: "Тағы шағып алған жоқ па? Әлде жағдайы нашарлап қалды ма?"
Біршама уақыттан соң ғана алыстан оның буйын көрдім. Уф… жетті! Сөйтсек, иә… оны тағы да медуза шағыпты. Ал ол болса, ауырсынуға мойыма, жарысты жалғастыра берген. Спорт ерлі-зайыптыларды бір командаға айналдырады. Ал бірге тер төгіп, бірге жеткен жеңіс – қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереді екен", – деп жазды Дина Төлепберген.