Сауда және интеграция министрлігі азаматтардың өтініштеріне байланысты автомобиль бензинінің сапасын зерттеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта азаматтардан түскен 12 өтініш қаралуда. Оның 9-ы Астана қаласынан, 1-еуі Павлодар облысынан және 2-еуі Солтүстік Қазақстан облысынан түскен.
Сонымен қатар 17 жанармай құю станциясында бақылау сатып алуы жүргізілді. Оның 5-еуі Алматыда, 5-еуі Алматы облысында, 6-ауы Абай облысында және 1-еуі Жамбыл облысында орналасқан.
Қазіргі уақытта алынған үлгілерге зертханалық сынақ жүргізіліп жатыр, деп хабарлады министрлік.
Сондай-ақ ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаменті Павлодар мұнай-химия зауытынан тікелей алынған бензиннің арбитраждық сынамаларын өндірушіден тәуелсіз зертханаға тапсырған.
Бұдан бөлек, Sinoil, QazaqOil және Helios жанармай құю станцияларынан алынған отын үлгілері де жеке зерттеліп жатыр. Зерттеу нәтижелері бір апта ішінде белгілі болады деп күтілуде.
Министрлік тексеру барысында отын сапасы өндіріс кезеңінде ғана емес, тұтынушыға дейінгі бүкіл жеткізу тізбегі бойынша бағаланатынын атап өтті. Сынамалар мұнай базаларынан да алынады.
Автомобиль бензинінің техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда, заңнамада көзделген шаралар қабылданады. Оның ішінде талаптарға сәйкес келмейтін жанар-жағармай материалдарын сатуға тыйым салу және айналымнан алып қою шаралары қарастырылған, — делінген министрлік хабарламасында.
Сауда және интеграция министрлігі тексеру нәтижелері туралы қосымша ақпарат беретінін мәлімдеді.