11 ақпанда мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаевтың, оның оққағары Бауыржан Байбосыновтың және жүргізушісі Василий Журавлевтің қаза тапқанына 20 жыл толды. Осы датаға орай саясаткердің туыстары жаңа мәлімдеме жасап, істі қайта қарау мәселесін көтерді, деп хабарлайды Malim.kz.
Сәрсенбаевтың жақындары Қазақстан Республикасының Бас прокурорына қылмыстық істі "жаңадан ашылған мән-жайлар" негізінде қайта жандандыру туралы өтініш жолдаған.
Өтініш мәтінінде тергеу мен сот талқылауы барысында бірқатар өрескел заңбұзушылықтар кеткені, сондай-ақ кей маңызды жайттарға тиісті құқықтық баға берілмегені айтылған.
Құжатта іс материалдарына қатысы бар делінетін аудиожазбаға да сілтеме жасалған. Өтініш авторларының мәліметінше, жазбада Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі делінетін "іс бойынша бәрі дәлелденген, алаңдаудың қажеті жоқ, бір айдан кейін сотқа беріледі, халық бүгін айтады да, ертең ұмытады" деген мазмұндағы сөздер келтіріледі.
Сәрсенбаевтың туыстары бұл жайт сот үкімінің алдын ала айқындалған болуы мүмкін деген күдік туғызатынын алға тартады.
"Яғни сот басталғанға дейін бір ай бұрын шешім қабылданып қойған, ал сот процесі тек қоғам үшін ұйымдастырылған көрініс болған", – делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар өтініште Қазақстанның Тұңғыш Президентінен жауап алу қажеттігі атап өтілген.
"Аталған аудиожазбаның өзі үкімді қайта қарауға негіз бола алады. Осы мәселе бойынша Назарбаев Н.Ә. жауапқа тартылуы тиіс", – дейді өтініш иелері.
Сәрсенбаевтың жақындары бұл қылмысты «саяси террор актісі» деп бағалап, экс-президенттің отбасы мүшелерін қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін де көтерген.