Malim.kz
Қоғам

"Жұрт тағы қосып жүрмесін": Арман Қоңыр жеке өміріне қатысты қауесетке жауап берді

Мадияр Қапанбек
Арман Қоңыр мен Аша Матай. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Әнші Арман Қоңыр әлеуметтік желіде өзі туралы тараған қауесетке әзілмен жауап берді, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұған дейін желі қолданушылары әншінің Қытайда өзге қызбен бірге жүргені туралы болжам айтқан. Мұндай әңгімеге әлеуметтік желіде жарияланған суреттер себеп болған.

Осыдан кейін Арман Қоңыр "Жайлау" гольф-клубынан фото жариялап, жазбасында жұрттың өзін тағы бір адаммен байланыстырып жіберуі мүмкін екенін қалжыңмен жеткізді.

"Бүгін бұл жерден фото Instagram-ға салмаймыз. Жұрт тағы қосып жүрмесін", – деп жазды әнші.

Әншінің бұл жазбасы желіде тараған қауесетке әзілмен берілген жауап ретінде қабылданды.

Еске сала кетейік, Арман Қоңырдың жұбайы Аша Матай әкесінің 65 жасқа толған мерейтойына орай ерекше тосынсый жасаған еді.

Арман Қоңыр кім?

Арман Қоңыр 1989 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақстандық әнші әрі актер. Ашық деректерде оның заңгер және қаржыгер мамандықтары бойынша екі жоғары білім алғаны көрсетілген.

Арман Қоңырдың өнердегі жолы "Mysterions" тобымен тығыз байланысты. 2008 жылы достарымен бірге аталған музыкалық ұжымды құрып, топтың солистерінің бірі болды. Олардың алғашқы жұмыстарының бірі – "Не вместе" әні. Туынды телеарналардан көрсетіліп, "Европа Плюс" радиосының хит-парадында бірінші орынға дейін көтерілген.

Әншілікпен қатар Арман Қоңыр актерлік қырынан да көрінді. Ол "Өз үйім" телехикаясында рөл сомдап, көрерменге актер ретінде де танылды.

Кейін өнер иесі жеке шығармашылығына ден қоя бастады. 2018 жылы "Қазақстан" Ұлттық телеарнасына берген сұхбатында жеке әнші ретінде өнер көрсете бастағанын айтқан. Сонымен бірге ән жазуға да атсалысып, аранжировка жасаушылармен бірлесіп жұмыс істейтінін жеткізген.

Арман Қоңырдың репертуарында "Ойнама сезіммен", "Аяулым" секілді жеке әндер бар. Ол эстрададағы әншілік қызметін топтық және жеке шығармашылықпен қатар алып жүрді.

Арман Қоңыр 2015 жылы әнші, актриса әрі тележүргізуші Аша Матаймен шаңырақ көтерді. Олардың үйлену тойы 2015 жылғы 25 қыркүйекте Алматыда өткен.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары