Әлеуметтік желіде танымал мектеп директоры Ақмоншақ Нұртаза ота жасатқанын хабарлады. Ол аурухана төсегінде жатқан суретін жариялап, денсаулығына қатысты жағдайын бөлісті, деп Malim.kz тілшісі оның Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұстаздың айтуынша, жыл басынан бері оған үш рет ота жасалған. Ол қиын сәтте жанынан табылып, жылы сөзін арнаған оқырмандарына ризашылығын білдірді.
"Отадан осы жаңа шықтым. Қуанышта да, қайғыда да бірге болған алтын оқырмандарым, қолдау сөздеріңіз, жылы лебіздеріңіз, дұға-тілектеріңізге рақмет. Биыл денсаулық жылы болды. Жылдың басынан бері үш ота болды, Алла қолдасын", – деп жазды Ақмоншақ Нұртаза.
Сондай-ақ ол оқырмандарын денсаулығына көңіл бөлуге шақырды.
"Денсаулықтарыңызды күтіңіздер, қалғанының бәрі өткінші", – деді мектеп басшысы.
Жазба соңында ол ота жасаған дәрігеріне алғыс айтты. Алайда қандай диагноз қойылғанын және отаның не себепті жасалғанын нақтыламады.
Ақмоншақ Нұртаза кім?
Ақмоншақ Нұртаза – Астанадағы Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры, әлеуметтік желіде белсенді ұстаз. Ол оқушыларымен бірге түсірген трендтік бейнежазбалары арқылы көпшілікке танылды. Instagram мен TikTok желісіндегі оқырмандары оны "креатив директор" деп атап кеткен.
Мектеп басшысы оқушылармен ашық сөйлесіп, олардың пікірін тыңдауға мән беретінін сұхбаттарында айтқан. Оның "Директормен шай" жобасында балалар мектеп директорымен еркін әңгімелесіп, ойларын бөліседі. Ақмоншақ Нұртаза Финляндияда тағылымдамадан өткен, PhD докторантурада білімін жалғастырған. Ол ұстаздық пен басшылық қызметті көпбалалы ана ретіндегі міндетімен қатар алып жүр.