Фермерлер көктемгі егісті бастады

Malim Админ

  • 16.04.2021

«Қыстың қамын жаз ойла» деген сөзді білмейтін қазақ жоқ шығар. Дгенемен, жаздың қамын қыс оайлау керегін көп айта бермейміз. Бұл әсіресе, егін шаруашылығына қатысты айтылса дәл келе кетеді. Әрине, жазда еңбек ет, қыста соның жемісін же, немесе, жастықта бейнет көр, қартайғанда соның зейнетін көресің деп тәпсірлей беруге болады бірінші сөзді. Ал, екінші сөзді тура осы диханшылыққа қатысты арнап айтуға болады. Өйткені, жазда егін егетінің түсінікті, бірақ, оны күтіп-баптау үшін қаншама дайындық керек. Техника, тыңайтқыш, тұқым... Осылай кете береді. Демек, дихан атаулы жаздың қамын қыста ойлауы керек. Биылғы көктемгі, жазғы науқанға қазақстандық дихандар қаншалықты дайын? Жауапты науқанды ойдағыдай атқарып шыға ала ма? Міне, осы мәселелер төңірегінде ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы хабарлады.

Алдымен айта кету керек, қазір күн ерте жылынатын біраз аймақтарда көктемгі егіс науқаны басталып та кетті. Айталық,  қазіргі таңда Алматы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында егін егу алдындағы дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ол ғана емес, тіпті кейбір дақылдар егіліп те жатыр бұл өңірлерде. Мәселен,оңтүстікте 220 мың гектарға жуық дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 30 мың гектар көкөніс, 11 мың гектардан астам жерге картоп, 15,4 мың гектарға бақша дақылдары егіліп үлгеріпті. Егінін ерте егіп, ерте орып алатын оңтүстіктіктердің жайы осылай. Бұл жақта науқан одан ары тоқтаусыз қыза түсетіні анық. Ал, негізінен астық шаруашылығымен айналысатын солтүстік өңірлерде негізгі науқан мамыр айының ортасында басталмақ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, бұл амақтар көктемгі науқанға техникалық жағынан  100 пайыз дайын.

«Техниканы дайындау жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта техникалар егін егу науқанына 100% дайын. Егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 141,7 мың трактор, 4,3 мың жоғары өнімді егін егу кешені, 73,2 мың тұқым сепкіш, 221,2 мың топырақ өңдеу құралдары бар. 2021 жылғы көктемгі-дала жұмыстарына (ақпан-маусым) Энергетика министрлігімен бірлесіп, 380 мың тонна арзандатылған дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесі жасалды», - делінген министрліктің сайтында.

Көктемгі дайындық дегенде ең алдымен айтылатын мәселе – жанар жағар май тапшылығы. Бір жылдары дизельдің тапшылығынан біраз диқандар жоспарлаған егінін еге алмай, ойға алған шаруасын бітіре алмай, әуре-сарсаңға түскен. Содан кейін бұл шаруаға үкімет араласып жүріп шешкендей болған. Ара-тұра болмаса, қазір бұл тарапта соншалық бір шағым естімейтін болдық. Биыл да жауапты ведомство дизель тапшылығы болмайды деп отыр. Оның үстіне дизель бағасы нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен. Мәселен, сәуір айындағы көрсеткішке қарағанда, мұнай өңдеу зауыттары дизель отынының орташа нарықтық бағасын тоннасына 174 мың теңге немесе литріне 144 теңге етіп белгілеген. Бірақ, бұл ақырғы баға емес, өйткені, оны тасымалдау құны бөлек есептеледі. Яғни, операторлардың шығындарын қосқанда нарықтағы баға әлдеқайда жоғары болады. Ал, биыл фермерлер үшін республика бойынша дизельдің орташа бағасы литріне 165 теңге болып бекітілді. Бұл нарықтағы бағадан бағадан 10%-ға арзан.

Енді биылғы жоспарға тоқталсақ. Қазір облыс әкімдерінің есебіне жүгінсек, осыған дейін 2,4 млн тонна тұқым себілген. Бұл уақыт жағынан артығымен орындалған жоспар, өйткені, биылғы көрсеткіш мерзімдік жоспарды 100,4 пайызға орындаған. Ал, тыңайтқыш мәселесі бойынша, фермерлерге 136,2 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілген. Бұл алдағы уақытта тағы да қызу жалғасады деп күтуге боалды.

Жалпы, соңғы жылдары фермерлерді қолдау жұмыстары, субсидия бөлу, қаржыландыру, жеңілдетілген несие беру жұмыстары кезең-кезеңімен сәтті іске асырылып келеді. Бұл туралы ведомство сайтында:

«Субсидия беруге өтінімдерді жинау жұмыстары жалғасуда. Биылғы маусымда фермерлерді қаржыландыру үшін арнайы бағдарламалар қарастырылған. Мысалы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарына 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлді. АӨК субъектілері үшін сыйақы мөлшерлемесі банк кепілдігімен тікелей несие алған жағдайда – жылдық сыйақы мөлшері 1,5%-ға дейін; АӨК субъектілері несие серіктестіктерінен, мемлекеттің 100% қатысуымен өңірлік инвестициялық орталықтардан, микроқаржы ұйымдарынан несие алса, жылдық сыйақы мөлшері 5%-дан аспайды; екніші деңгейлі банктерден алған несиенің жылдық сыйақы мөлшері - 5%-ға дейін», - деп жазылған.

Көктемгі егіс пен күзгі жиын-теріннің арасы көзді ашып-жұмғанша өте шығатыны белгілі. Демек, күзде фермерлер еңбегінің жемісін жеу үшін, оның да қамын қазірден бастап ойлау керек. Бұған дейін де шағын және орта фермерлерді қолдау үшін Азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырып келген. Биыл бұл бағыт бойынша фермерлерден олардың өнімдерін сатып алу жоспары 45,3 млрд теңгені құрайды екен. Демек, бір кездегідей қыстыгүні астықтары қардың астында қалып, дтқандар өкініште қалмайды деп сенуге боладыдеген сөз.

Байланысты жаналықтар

Қырғыз Республикасына Қазақстанның гуманитарлық жүгі тапсырылды

05.03.2024

Дизель отынын заңсыз сатқан. Серіктестік басшысы сотталды

30.06.2022
MalimBlocks
Қырғыз Республикасына Қазақстанның гуманитарлық жүгі тапсырылды

1000 тонна дизель отыны ресми түрде берілді.

Дизель отынын заңсыз сатқан. Серіктестік басшысы сотталды

Мұнай өнімдерін иемдену, тасымалдау және өткізу мақсатында заңсыздыққа жол берген