Нұржан Айғали. Ол бөтен нәресте емес!

Әңгіме

Malim Админ

  • 22.07.2021

Мұндай қорқынышты түнді ғұмырында, сірә, көрмеген болар. Қаңтар айы-ның сауыс-сауыс аязды түніінің нілдей қараңғылығын қақ жарған жедел  жәрдем машинасы нәрестелер үйінің алдына ышқына келіп тоқтағаннан-ақ ол жалғызсырай бастағанын сезді. Қаракөз болса бүйірдегі есікке еніп бара  жатып бұған қимай бұрыла қарады. Тұңғиық қара көздері мынау анталай қоршаған түн қараңғылығына қандай ұқсас. Соншалықты тұңғиық, сонша-лықты үрейге толы. «Ол да жалғызсырап барады-ау» деген ой келгенде  Шә-кен келіншегін еріксіз аяп кетті. Келіншегінің үрейге толы көздері көңіл түк-пірінде ұялап қалыпты.

Әудем жерге дейінкеліншегінің киімдерін құшақтаған күйі тоқтамай аян-дады. Төңірек тастай қараңғы. Алдымен етіктің бір сыңары, сонан соң тағы бір нәрсе жерге сусып түсті. Амалы құрыған бұл киімдерді бір жерге үйіп қойды да, үсті-басын қаққылаған. Алақ-жұлақ қарап жан-жағына қаншама үңілгенмен ештеңе ажырата алмады. Бейтаныс көше, терезелері үңірейген ығы-жығы жер үйлер. Қара киімді әлдекімдер сыбдырын білдірмей бұған қаусырмалай жақындап келе жатқандай. Жон арқасы әлдекім бір уыс қар сеуіп жібергендей мұздап қоя берген. Түу, не деген қорқынышты түн!

Барлық қалтасын түгел қарап шықты. Көк тиын жоқ. Өзін-өзі әдемілеп тұрып сыбап алған. Ол аз болғандай тастай жұдырығымен санын айырта бір соқты. Бір жақсысы қашан салғаны белгісіз, алдымен бір тал темекі, содан соң екі тал шырпы мен оның қорабының сынығы шықты. Ақкөңіл жігіттің ашуы тез тарқап кәдімгідей мәз бола қуанып қалды.

Темекісін әпсәтте тұтатып ала шырпысын ракета етіп ауаға серпе шертті. Келіншегінің көздерінен бастау алған үрей аздап сейілгендей, қара киімділер шегініп ығы-жығы үйлердің арасына барып тығылғандай. Есесіне ішкі дүниесінде бір ой тасқыны белең алды да мына сөз еріксіз ытқып шыққан:

– Ойпырау, мен де әке боламын-ә...

Қызық. Тұңғыш нәрестесі дүниеге келеді. Ұл ма, қыз ба? Бәрібір, бәрібір бұған. Тек Қаракөз аман-есен босанса екен сол...

Шәкен темекісін құшырлана сора берді де елең ете түсті. Бала жылағандай ма, қалай? Қаракөзі босанып бейне мұны шақырып жатқандай.

Нәрестелер үйі жаққа үңіле қарап тың-тыңдады. Тыныштық. Ығы-жығы үйлер жақтан әлдебір ит әупілдеді. Темекісінің күлін түсіріп, қайта ой шылбырын «ұстай» берген. Тағы да бала жылағандай. Таңғала тұрып тағы да құлақ түрді. Шынымен сәби үні, сәбидің «іңгәлағаны» естілді. Қайдан? Алдымен ыңырсып жыласа, енді бірте-бірте үдетіп барады.

Әлдекім баласын жұбата алмай жатқан тәрізді. Сәби үні нәрестелер үйінің айналасында шоғырлана өскен ағаштардың арасынан шығып жатыр. Көңіл аудармайын десе сәбидің шырылдаған ащы үні зорайған үстіне зорайып, түннің дір-дір еткен қара пердесін дар-дар жыртты. Шәкеннің ішкі дүниесінде жаңа әзірде ғана бұға қалған үрей қайта бас көтерген. Кім? Неге мұншама жылайды? Анасы қайда? Болса неге жылатып қояды? Жан-жақтан анталай лап берген сауалдар таусылар емес.

– Іңгә-ә! Іңгә-ә!–Шырылдаған нәресте үні Шәкеннің шыдамын тауысты. Сәби онша алыста емес тәрізді. «Неде болса да бару керек» – деп шешті ол. Келіншегінің пальтосын жайып, қалған киімдерді соған салып буып тастады.

Енді міне, қатқақ мұзды қаршылдата басып ол «іңгәлаған» дауыс шыққан жаққа асыға басып келеді. Нәресте үні барған сайын анық, әрі жақыннан естіле бастады. Ал ол үн тіптен жақын арадан естілгенде бала көтеріп тұрған сүлдені көре алмай Шәкен қалт тұра қалып, қараңғылыққа үңіле қараған. Жан жоқ! Жер астынан шыққандай «іңгәлап» жылаған кішкентай адамның жалынышты даусы төбе құйқаңды шымырлатып безілдеді-ай келіп! Тіл жоқ, бірақ көмекке шақырған бейкүнә үнді одан әрі тыңдап тұруға дәті шыдамайқолындағы киімдерді тастай сала бұта-бұтаның түбінен сәбиді қармалай іздеп кетті.

Жоқ! Сәби үні шынымен жер астынан шығып жатыр ма, әлде біреулер сол үнді айнытпай магнитофонға жазып мұны мазақтап тұр ма екен? Қармалай жүргенде әлденеге сүрінді. Оңбай жығылды. Ағаш бұтағы бетін қатты осып жіберген. Сонсоң сол жері дыз-дыз ауырып жанын көзіне көрсетті. Жылымшы бірдеңе ақты. Қан болар. Жалма-жан сүрткен болды.

– Тфу, сайтан алғыр-ай!–деді Шәкен үсті-басын қаққылап. Нәресте үні сәл ғана тыншығандай болды да қайта үйреншікті «әніне» басты. Түу, не деген қорқынышты түн!

– Іңгә! Іңгә-ә!

Шәкен бұл жолы асықпады. Сәби үні шығып жатқан тұсты нақты мөлшерлеп алды да, бетін қорғаштай тура тартқан. Сәт өтпей әлденеге тірелді. Қолымен сыйпалап, бажайлап қараса қоқыс салатын темір жәшік. Сәби даусы осы темір жәшіктен шығып жатыр. Ішіне үңіліп қарады. Ілкі сәтте сәл тынышталған сәби тағы да жылап қоя бергенде жүрегі тас төбесіне шыға ол құлап қала жаздады. Нәресте қоқыс салынған темір жәшікте екен. Екінші рет үңілгенде ақ матаға оралған нәресте Шәкен көзіне бірден түсті. Әпсәтте еңкейіп жіберді де көтеріп алды. Көтеруін көтеріп алғанмен әрі қарай не істерін білмей сассын. Бұрын бір газеттен сәбилерін далаға тастап кететін қатігез қыз-аналар туралы мақаланы оқығанда сенбеген. «Өтірік!–деген ол өзінше ашуланып,–Ау, қандай ана өз сәбиін далаға тастап кетпек. Жоқ! Өтірік деген соң өтірік! Тіптен айуан екеш айуан да өз баласын тастамайды ғой...» Тап қазір, қараңғы түнде газеттегі сол бір ащы шындық алдынан атойлап шығатынын ол сірә де ойлады ма? Әрине, жоқ.

– Тфу, қандай қатігездік! Өй, әкеңнің аузын!.. – Біздің кейіпкеріміз ғұмыр бойы бүйтіп ашуланбаған шығар. Қаны басына тепті. Көздерінен от ұщқындады. «Қазір кездессе ғой, шіркін! Шашын жұлар едім...» деп іштей ойлаған Шәкен байқамай нәрестені қысыңқырап жіберіпті. Сәби «шыр» етіп қайта жылады. Ол енді ойланып тұрмады. Ойлануға уақыты да жоқ-тын. Бір қолымен пальто-түйіншекті әзер алған Шәкен көшеге түсті де ілгері аяңдады.

Үйге тез жеткізу керек! Айтпақшы үйде бір жақсысы келінінің ай-күні жеткенін естіп алып ауылдан келген Шәкеннің анасы бар болатын. Баланың жағдайын сол кісі біледі. Тек үйге тезірек жетсе ғой. Тіптен бөтен, бірақ дәл қазір Шәкеннен басқа жақыны жоқ нәрестенің қарны ашты ма кім білсін «іңгәлап» жылай бастады. Әбүйір болғанда бір жеңіл машина келе қалмасы бар ма? Әдрісін айтып еді, айдаушысы жолға кететін ақшаны бірден есептеп шығарды. Іштей ызаланса да, көк тиыны жоқ жігіт келіскен рай білдіріп үнсіз басын изеді. Анасы мұны құрақ ұша сыртта қарсы алды. Жүзінде таңданыс пен үрей.

– Келін қайда? Босана сала алып келгенің не? Әлде...

Ә дегенде түсіндіруге мұршасы жоқ Шәкен:

– Апа, келініңіз әлі босанған жоқ. Үйге кірген соң барлығын түсіндірем. Мына нәрестені тауып алдым. Міне, алыңыз. Мен үйден ақша алып шығайын, – деді тез-тез сөйлеп.

– Өйбү-ү-үй, жазған-ай, жылап-жылап көгеріп кетіпті ғой, – деді нәрестені ішке алып кірген соң ана орауын жазып. Жұдырықтай ғана тырбандаған қызылшақа нәресте енді «іңгәлауға» шамасы жетпей ыңылдап қояды. Талай кішкентайларды тәрбиелеп өсірген ана саспады. Әбден былғанған жаялығын ауыстырды. Шымқап қайта орады да, Шәкенді сүт жылытып әкелуге жіберді. Болашақ сәбиге деп алып қойған керек-жарақтың арасынан емізігі бар кішкентай шыны ыдыс та табылды. Кішкентай аузына әрең сыйған емізікті нәресте рахаттана сорды. Сәлден соң қарны тойған ол пысылдап ұйықтап та кетті.

Осыдан соң ғана барып ана мен бала біріне-бірі қарама-қарсы отырып ашыла сөйлесті. Апасы бұтақ жырып кеткен Шәкеннің бетін жуып берді.

– Ойпырмай-ә, естімеген елде көп деген осы-ау. Не деген қатігездік? Не деген сұмдық! Күл-қоқыстың арасына қанасын жарып шыққан тірі адамды лақтырып тастау, әй қайдам, бұдан өткен қатігездік жоқ шығар. Сұрапыл соғысты да көрдік, аштықты да көрдік. Бірақ, мұндай сұмдықты көрмеппін, көрмеппін!–деді Бейсенкүл апа толғана сөйлеп. Тіптен басын шайқай орнынан тұрып кетті. Жүзін тор-тор әжім сызғылаған ақ шашты ана еріксіз күрсініп жіберді. Көпке дейін ол ішкі толғанысын баса алмады. Құйтақандай бейкүнә нәрестені жаны езіле аяса, оны тастап кеткен кесірлі анаға кейістігін де жасыра алар емес.

– Кім болса да обалы жібермейді. Не дейін балам, әкелгенің дұрыс болған. Алдымен келіннің амандығын тілелік. Осыдан аман-есен босанып келген соң мән-жайды түсіндірерміз. Бәлкім мына қызылшақаны бауырына басар, ақ сүтін берер. Бұл да құдайдың бергені ғой. Ертең-ақ адам болып кетеді. Келін қырын қараса амал не, ауылға алып кетемін. Алайда ана сүтіне ештеңе жетпейді.

– Көрерміз, апа,–деді Шәкен орнынан көтеріліп, – мүмкін балалар үйіне берерміз...

– Не дейт, балалар үйі деген не пәлең?–деп Бейсенкүл апа шошына сөйледі.–Асырағын келмесе оны айт. Алып кетемін. Ертең-ақ адам болып, шәйімді қайнатып береді.

– Әншейін айтқаным ғой. Қаракөз аман-есен босансын. Сонсоң ақылдасамыз, – деп Шәкен екі ұшты жауап бере апасынан әзер құтылды...

Түн ортасы ауғалы қашан. «Таңға дейін көз ілдіріп алайыншы» деп ойлаған. Ол ойынан түк шығар емес. Бірін бітірем дегенше, екінші ой-ауылға сүңгіп кетеді де, басы қазандай болып келесісіне жүгірген болжам-ой басын ауыртып жіберді. Ара-арасында келіншегінің тәтті қылықтары, онымен қалай танысқаны, махаббат маусымы көңілін ерекпітіп еске түседі...

Онда да түн болатын. Онда да күпсе көрпесін жамылған қыс еді. Шәкен түнгі сменадан шығып, трамвайдың аялдамасына келген. Соңғы трамвайға болса да, аяқ артып, пәтеріне жетіп алмақ. Оның сыртқы тұрпаты ашандау әрі әлжуаз болып көрінетін. Дегенмен ауыр машина жасау заводында істейтін бұл жұмысшы жігіттің қайратын әріптестері әбден танып білген. Білем-білем темірлерді еркін көтеріп, станоктарды шырқ үйіргенде Шәкенді танымай қаласың. Егеудей алақандары қол қысысқан құрдастарының жанын көздеріне көрсетеді.

Аялдамада жан жоқ. Сәлден соң үркектей аяндап қос бойжеткен келді. Бірі киіктің асығындай аласа бойлы да, екіншісі ұзынтұра. Саумалдай төгілген жарыққа шомылған аласа бойлы қыздың әдемілігіне жігіттің қырағы көзі бірден түсті. Қайта-қайта сол қызға қарағыштай берген бұған ол да жалт ете бір көз салып өтті. Жарықпен шағылысқан қап-қара көздері қандай әдемі! Онсыз да қызға қыры жоқ ұялшақ жігітіміз барып танысуға батылы бармады, әрі оған себебі де болмай амалы құрып тұр.

Қызық болғанда осы кезде қалтақтай басып, бір маскүнем қыздардың жанына келді де тиісе бастады. Қыздар қашқақтап еді, желімдей жабысқан маскүнем қалар болмады. Сырттай көз салып тұрған Шәкен шыдай алмаған, жайлап барып маскүнемнің білегінен ұстап, қыздарға тиіспеуін өтінген. Жігіттің қысқаштай қысқан қолының қаттылығынан сескенді ме, анау теңселіп тұрып-тұрып бұрылып жүре бергені. Себеп табылды. Әп-сәтте қыздармен танысып алды. Бұл көз тіккен қыздың есімі Қаракөз екен. Содан кейін-ақ екі жас жиі-жиі кездесіп тұрды. Көгілдір махаббат көктемі мен жайдары жаз да өткен. Қараша айында қос жас қол ұстаса өздерінше шаңырақ көтерді...

Әрі-бері дөңбекшіп көзі ілінбеген соң далаға шықты. Өтіп бара жатып қарап еді, нәресте анасының жанында тып-тыныш ұйқы құшағында жатыр. Далада без-баяғы қараңғылық қатықтай ұйып тұр. Шәкен жақын жердегі телефон күркесіне барып нәрестелер үйімен хабарласты. Әлі босанбапты. Бұл Шәкенді кәдімгідей қобалжытып тастаған. «Неге кешігіп жатыр екен? Манағы медбике тез арада болып қалатын шығар деген жоқ па?» деп іштей ойлаған ол төсегіне келіп қайта қисайды. Жұмысы кешке басталатын. Көз шырымын аздап болса да алғаны дұрыс еді. Жастыққа басы тиген соң тағы да теңіз-ойдың құшағында жүзіп бір берсін. Бір қыдыру уақыттан соң электрон сағатына көз жүгіртті. Жетіден асып барады. Қараңғылық пердесі сәл-пәл сетінегендей, нәрестелер үйіндегі кезекші әйел марғау жауап берді: «Әлі босанған жоқ...» Үйге келсе нәресте ояныпты. Анасы сүт беріп жатыр. Анасының үйде болғаны қандай жақсы болды, әйтпесе...

Шәкен үйдің суып бара жатқанын аңғарып от жақты. Бұл жалдамалы пәтерді де өткен жылы Қаракөз екеуі аяқтарынан сарсылып жүріп әрең тапқан. Аядай ғана қос бөлмелі пәтер олар үшін жұмақ үйіндей көрінген. Бір жаман жері таңға жетпей тез суып кетеді. Сегізден аса Шәкен тас-түйін киініп нәрестелер үйіне тартты. Нәрестелер үйіне жақындаған сайын жүрек құрғыр дүрсілдей соғып, әлдебір жаманатты сезгендей ме? Кішкентай Қаракөзінен айрылып қалмаса не қылсын? Аяқтарына ап-ауыр қорғасын байлап алғандай ол әрең жылжып келеді.

Түндегі күл-қоқыс салатын темір жәшік көзіне оттай басылды. Әр бұта түбін қармалай нәрестені іздеп жанталасқан әрекеттері жадында жаңғырып тұр. Ал есіне Қаракөзі түскенде неге екені белгісіз жүрегі қайта қобалжыған. Көзге көрінбейтін біреу кеудесінен кері итеріп «кет, кет!» деп құлағынан үздіксіз сыбырлағандай...

– Фамилиясы кім деп тұрмын? –бТесіктен қарап тұрған етженді орыс әйелі осы сөзді екінші рет қайталағанда бұл селк ете түсті.

– Фамилиясы... фамилиясы...– Қара басқанда әйелінің фамилиясы есіне түспей біраз қиналды. Әйтеуір айтты-ау. Әйел түсінді ме, кейімей күлімсіреп қойды. Тізімді асықпай қарап жатыр. Тағаты таусылған Шәкен тықыршып тұр!

– Ұл, – деді әйел жайбарақат қана, – салмағы үш мың төрт жүз грамм! Жаман емес.

– Немене?! Бұл айқайлап жібергенін өзі де сезбей қалды.

Ол күліп жіберді де, бұған дауыстай сөйледі:

– Ұлды болдыңыз деп тұрмын. Келіншегіңіз аман-есен...

Қос иығын басқан зілдей ауырлық көзді ашып-жұмғанша сыпырылып түскендей.

– Мінеки, сүйіншіңіз! – деді Шәкен даудырлап сөйлеп. Қалтасынан жалма-жан қолына іліккен ақшаны суырып алып үстел үстіне тастай салған.

– Азамат! Сіздің мұныңыз дұрыс емес! – деген медбикенің айқайын ол естіген жоқ. Нәрестелер үйінің алдындағы тротуарды бойлай жүгіре секіріп барады. «Еһ-ей! Ұлды болдым, мен ұлды болдым!» деп дауыстай сөйлеген жігіт балаша мәз...

Үйдегі болып жатқан тосын жаңалықты әзірше Қаракөзге айтпауға ұйғарды. Көптен күткен күн де жетті. Қаракөз үйге кіргенше Шәкеннен дегбір кеткен. Жайғасқан соң барлық болған жайды, бөтен нәрестенің үйге келуі туралы оқиғаны тәптіштей айтып берді. Қаракөз үнсіз тыңдаса да, енесінің көзінше ойын айтуға ұялды ма, тіс жарып ештеңе демеді. Бірақ жеке қалғанда Шәкенді таң қалдырып, бұл ойламаған өзге бір жайдың шетін қылқитты.

– Шәкен! Манағы айтқандарыңның біріне сенген жоқпын. Кімді бала көрмексің, кімді алдамақсың. Менен де басқа біреуің болғаны ғой. Бәсе, жүрегім сезген. Әйтпесе далада бала жатқанын қайдан естідің? – деді қатқыл сөйлей Қаракөз. Көздерінен бүртік-бүртік жас тамшылары да әлгі суық сөздермен бірге домалана түсті. Шәкен не айтарын білмей сассын.

– Оның не, Қаракөзім-ау? Ақ махаббатымыз алдында адалмын. Ант етейін, адалмын, – дей берген Шәкен сөзін Қаракөз шорт кесті.

– Жо-жоқ, ант ішпей-ақ қой. Мен бәрін білдім. Осыдан баланы қырқынан шығарған соң төркініме кетемін. Біржола кетемін! Менде де намыс бар. Мен де адаммын! Қаракөз солқылдап жылап далаға шығып кетті. Қанша ақталғанымен, болған шындықты дәлелдегісі келгенмен Қаракөз тастай қатып, алғашқы түсінігінен танбады.

Күндер өте берген. Қаракөз бөтен нәрестеге жоламай қойды. Бейсенкүл апа өзі тамақтандырып, өзі қарап жүр. Үй ішінде, әсіресе жас отаудың сәнін келтіріп тұрар Қаракөздің сыңғыр күлкісі естілмейтін болды. «Бәрі де біткені ме?» деп ойлады Шәкен оңашада өзін-өзі қажап: «Ал бітпесе не істеу керек? Бәрінен де ақ адал болып тұрып, сол адалдығыңды дәлелдей алмағаның жаман екен...» Өзі ашан жігіт күн өткен сайын мұрны сорайып жүдеп барады. Жұмысқа барады, келеді. Әрі-сәрі бір күй. Достары әзілдейді: «Ау, ұлды болған адам жарқылдап қуанып жүрмеуші ме еді. Ал сен болсаң мойныңа су кеткен адамдай тымырайып жүрсің...» Бұл үндемейді. Тек қана жасанды жымиып олардан құтылғанша асығады.

Сезімтал анасы бәрін сезіп, бәрін біліп жүр. Десе де Шәкен анасына бұл жайлы айтып жатуды артық санады.

Бөтен нәрестенің тағдыры кенеттен шешілген. Оны шешкен кездейсоқ оқиға және Қаракөздің өзі еді. Үй ішін қаншама көңілсіздік жайлағанымен шекесі торсықтай ұлдың атсыз қалуы мүмкін емес қой. Бейсенкүл ана Шәкенге ұқсас болсын деген оймен Сәкен деп ат қойды. Тауып алған бөтен нәрестенің есімін қарт ана өзінше Сәния деп атап жүр.

Бірде Сәкен – бөбек кездейсоқ ауырып қалды. Ыстығы тым көтеріліп кеткен соң дәрігер шақыртылды. Үй ішінің қарсылығына қарамай жедел көмек Қа-

ракөзді сәбиімен бірге ауруханаға алып кетті. Бірнеше күннен соң сәбидің бе-ті бері қарады. Беті бері қарай бастаған соң ба, бұрынғыдай жылауын қойып томпиып ұйықтап қалатын. Мұндайда Қаракөз жалаяқтарды жуып, одан қал-ды Шәкен туралы, оның тауып әкелген нәрестесі жайлы ойға шомады. Қан-шама өзін өзі зорлап сендірейін десе де сендіре алмаған. Ішкі дүниесін қызға-ныш сезімі бір суытып, бір жандырып, кейде түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмайтын. Шәкенді бұндай адам деп ойлады ма екен әуелі...

Бөпесі кеше түнде мазасызданып шықты. Ал қазір ұйқыны соғып жатыр. Қаракөз дәлізге шықты. Көрші палатада әлдебір нәресте шырқырай жылай-ды. Алғашқыда көңіл бөлмеді. Сәби үні бәсеңдемеді, «Іңгә, іңгә, Іңгә...!» Қа-ракөз шыдамады. «Мамасы қайда жүр екен?» деп ойлады еріксіз. Есікті аш-ты. Ересектерден ешкім жоқ. Кішкентай сәбилер мұнда сонша көп болар ма? Қаракөздің кіргенін сезгендей тағы бір нәресте іңгәлап қоя берді. Жылап жат-қан сәби әбден былғаныпты. Астын ауыстырып жатқанында мұның қасына медбике келді.

– Бұлардың аналары қайда? – деді бұл ренжігенін жасыра алмай.

– Қайдағы анасы? – деді мырс ете күлген медбике әйел, – мұнда кілең тастан-ды сәбилер жатыр.

Қаракөз селк ете медбикеге таңдана жалт қарап:

– Тастанды сәби дейсіз бе? Кім, кім тастаған?–деді даусы оқыс қатты шы-ғып.

– Кім тастаушы еді, адамдар да. Туады да кез келген жерге тастап кетеді. Көбінесе нәрестелер үйінің жанына тастайды. Тауып алғандар бізге әкеледі. Біз аздап қатайған соң жетімдер үйіне жібереміз, – деді медбике  жайбарақат қана.

– Сонда бұлардың қатігез аналарына сот жоқ па? Өз балаларын қиып қалай тастайды? Мына сәбилер манадан бермен шырқырап жылап жатыр. Неге дұ-рыстап қарамайсыздар?.. Қаракөз сұрақты жаудырып жібергенін өзі де аңғармай қалды.

– Өз аналарына керек емес сәбилер бізге керек пе екен?!–медбике әйел сәл мүдірді. Содан соң өзінің сөзіне өзі ыңғайсызданды ма,–Адам жетіспейді. Үш палатаға жалғыз өзім. Үйге барғанда шаршағаным соншалық сүріне жығыла-мын. Сірә, кететін шығармын, бұл жерден. Ал сәбиін тастаған қатігез ана ұс-талса сотталады. Әй, қайдам, көбінесе ұстатпай кетеді,–деді ол наразылығын жасыра алмай. Қаракөз бәріне өзі кінәлі адамдай сәбилерге тура қарай алма-ған күйі тез шығып кетті.

Ішкі дүниесі алай-дүлей. «Өмірде осындай да болады екен-ау. Қатігездер өңшең... Менің Шәкенім адал болып шықты ғой. Ал мен сенбей жүрсем...» Қараңғылау бұрышқа аяңдады. Көзінің жасы ағыл-тегіл ағып тоқтар емес. Мөлдіреген тамшылар тамған сайын ішкі дүниесі де тазарып, екі иығындағы ауыр жүк түсіп, бойы жеңілдегендей сезінді. Ойда жоқ жерден өткен бұл оқи-ға Қаракөзді бір жағынан қуантты, бір жағынан күйінтті. «Рас-ау, бұдан өт-кен адам өмірінде қатігездік болар ма?! Жоқ, жоқ!». Даусы кеткенін аңғарып, басын жастықтан жұлып алды. Әбүйір болғанда палатадағылар қалың ұйқы құшағында жатыр. Таңды атыра алсашы. Шәкенін күтті!..

...Бейсенкүл ананың көңілі алаң еді. Келіні мен баласының арасындағы жай ұнаған жоқ. Өзінше нық байламға келді. Келіні ауруханадан шыққан соң нәрестені ауылға алып кетеді. Ауыл адамдары таң қалуы да мүмкін. Мейлі, не десе о десін. Бұл не көрмеген бас. Соғыстың қайнап тұрған шағында да бес баланы бірдей аман-есен алып шыққан жоқ па бұл Бейсенкүл. Қызығы сол бесеудің екеуі белорус балалары еді. Ұмытпаса қырық екінші жылдың қысы болатын. Стансаға мына бір хабар тез тарады. «Стансаға суыт жиналыңдар. Соғыста ата-аналарынан айрылып, жетім қалған бір топ баланы әкеліпті...»

Көппен бірге бұл да барды.Көздері жәудіреген отыз шақты үлкенді-кішілі

балалар бұларға үрке қарайды.Станса бастығы Қайролла сөзді қысқа қайырды:

– Өздеріңіз де түсініп отырған боларсыздар.Мына балаларды таратуымыз

керек. Әркім әлдері келгенше бір-екіден алыңыздар. Ел іші ғой бірдеңе етіп күн көрерміз.

Расында да қиын шақ болатын.Нан карточкамен берілетін. Күні-түні жұмыс...Ерсілі- қарсылы ағылған составтар...Ол кезде қылшылдаған жас кезі.Соғыстан үш-төрт жыл бұрын ғана Сырымға тұрмысқа шыққан. Екі ұл, бір қызы бар.Сырым соғыс басталғанда-ақ алғашқылардың бірі болып майданға кеткен. Енді шиеттей балаларын кәрі енесіне тастап күндіз-түні демей станса басындағы жұмыста май-май болып жұмыс істейді. Балаларды алайын десе үйдегі жағдайын ойлайды,алмайын десе көздері жәудіреген тірі жетімдерді аяйды. «Тәуекел!» деп ойлады ол іштей, алайын. Әнеу шеттегі тұрған он-он бір жастағы секпіл бет сап-сары ұл бала мен оған жабысқан көкшіл көз балапан қыз бауырлар болар. Соларды алайын...»

Екеуін жетектеп үйге әкелді. Енесі кейіп тастай ма деп қыбыжықтап үйге әрең кірді.Жағдайды айтқан соң ол кісі ;

– Дұрыс істегенсің, келінжан. Қиналармыз, дегенмен әр баланың өз несібесі болады. Отбасымызға екі адам қосылды. Бұл біле білсең той ғой, - деп енесі келінінен асып түсіп, үйдегі барды пісіріп жіберді де, сол күні кешке көршілерін шақырды.

Қыздың аты Ксения екен – Сәния деп атап кетті.Ұлдың аты Володя екен – Балаби болды. Сонсоң Нұрлан, Тәкен, Әсия және соғыстан кейін дүниеге келген кенжесі Шәкен. Барлығы ауылда еді. Ксениясы Оралға тұрмысқа шыққан. Ал қалған балалары пермер дей ме әйтеуір бір кәператіпте бірігіп жұмыс істейді. Шәкені Алматыға оқуға кетіп, сол жақта жұмысшы болып қалып қойды. Бір аяғын орыс жерінде қалдырып күйеуі Сырым да оралған. Осыдан оншақты жыл бұрын ауырып қайтыс болды. Бейсенкүл апаның көңілін Шәкен тауып әкелген бөтен нәрестенің жайы бір бұзса, келінінің бейкүна сәбиді көріп мұздай қатып қалғаны кәрі жүрегін тағы да аунатты. Жалпы нәрестені тастап кеткен безбүйрек қаніпезер анаға ол өзінше өшікті, өзінше ғайбаттады...

Ақпан айының бұл күні көктем күніне бергісіз ашық та жылымық еді. Есік алдына жеңіл машина тоқтады. Бейсенкүл ана сексеннен асса да тың. Кебісін кие сала сыртқа аяңдады. Шәкен Қаракөзді ауруханадан шығарып алуға кеткен. Солар ғой, солар. Әне, Шәкені мұның немересін көтеріп келеді. Өзі әлденеге көңілді. Сәлемдескен соң келіні күлімдеп екі-ақ ауыз сөз айтқан. Сол екі ауыз сөз ана көңілін шайдай ашқан. Қаракөз айтқан сөз мынау еді;

– Кешіріңізші, апа! Мен бәрін түсіндім. Сәнияны өзіміз алып қаламыз. Ол енді бөтен нәресте емес!