Malim.kz
Қоғам

"100 мың теңге салып жіберемін": Әнші Мақпал Жүнісова концертте ел күтпеген әрекетке барды (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
видеодан скриншот

Халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова Ақтөбеде өткен концертінде 90 жасқа толған көрерменіне ерекше құрмет көрсетті, деп хабарлайды Malim.kz.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан белгілі болғандай, концертке келген тыңдарман әншіге анасын ертіп келгенін және сол күні оның 90 жасқа толғанын айтқан.

Осыдан кейін егде жастағы көрермен орнынан тұрып, сәлем берген. Мақпал Жүнісова оны сахнадан құттықтап, 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыстаған. Сонымен қатар әнші өзінің анасы да биыл 90 жасқа толатынын атап өтті.

Өнер иесінің бұл әрекеті көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Желі қолданушылары оның кеңпейілділігіне ризашылық білдіріп, жылы лебіздерін жазды.

Айта кетейік, бұған дейін Мақпал Жүнісова Астанадағы концертінде 80 жастан асқан көрерменіне өз сақинасын сыйға тартқан болатын.

Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасындағы ең танымал әрі беделді өнер иелерінің бірі. Ол 1963 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының Теректі ауылында дүниеге келген. 1981 жылдан бері "Қазақконцерт" бірлестігінде солист ретінде шығармашылық жолын жалғастырып келеді.

Әнші жас кезінен-ақ халықаралық байқауларда топ жарып, үлкен жетістіктерге жеткен. Ол небәрі 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атанса, 31 жасында Қазақстанның Халық әртісі атағына ие болды.

Мақпал Жүнісова Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Бүгінде ол тек әнші ғана емес, профессор ретінде де танылып, өнер мен білім саласын қатар алып жүрген тұлға.

Өнер иесі лирикалық сопрано дауысымен ерекшеленеді. Оның репертуары халық әндері, романстар және джаз бағытындағы шығармаларды қамтиды. Осындай жанрлық әртүрлілік оның тыңдарман жүрегінен ерекше орын алуына себеп болды.

Қазіргі таңда Мақпал Жүнісова қазақ эстрадасының "примадоннасы" және "Орта Азия бұлбұлы" ретінде кеңінен танылған. Оның концерттері әлі күнге дейін көрермен тарапынан жоғары сұранысқа ие.

Бұған дейін Мақпал Жүнісова тойлардың бірінде Тұрсынбек Қабатовқа әзіл айтып, көпшілікті күлкіге қарық қылған еді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары