Белгілі әнші Мақпал Жүнісова тойлардың бірінде әзіл айтып, көпшілікті күлкіге қарық қылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі кеш барысында асаба болған Тұрсынбек Қабатовқа қалжыңдап сөз тастап, оны аздап ыңғайсыз жағдайға қалдырды.
"Тұрсынбекжан, біз сені қатты жақсы көреміз. Бақытты бол! Кіммен жүрсең де, қайда жүрсең де. Бірінші, екінші, үшінші, төртіншімен жүрсең де бақытты бол", – деп әзілдеді әнші.
Бейнежазбадан Тұрсынбек Қабатовтың бұл сөздерге қысылып қалғанын байқауға болады. Айта кетейік, ол аталған тойда асаба ретінде жүргізушілік еткен.
Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасының ең танымал тұлғаларының бірі. Ол 1963 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданына қарасты Теректі ауылында дүниеге келген. 1981 жылдан бастап "Қазақконцерт" бірлестігінде солист ретінде өнер көрсетіп келеді.
Әнші халықаралық байқауларда топ жарып, жас кезінен-ақ үлкен жетістікке жеткен. 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атанса, 31 жасында Қазақстанның Халық әртісі атағына ие болды.
Өнер иесі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Бүгінде ол профессор ретінде де танылып, өнер мен білім саласын қатар алып жүр.
Мақпал Жүнісова лирикалық сопрано дауысымен ерекшеленеді. Оның репертуарында халық әндері, романстар мен джаз бағытындағы шығармалар бар. Осындай жанрлық кеңдігі арқылы ол тыңдарманның жүрегінен ерекше орын алған.
Қазіргі таңда әнші қазақ эстрадасының "примадоннасы" әрі "Орта Азия бұлбұлы" ретінде танылып отыр. Оның концерттері әлі күнге дейін көрермен тарапынан үлкен сұранысқа ие.
Айта кетейік, бұған дейін әнші жеке концертінде бір ай бұрын ауыр сырқатқа шалдығып, жансақтау бөліміне түскенін алғаш рет айтқан болатын. Сонымен қатар Серік Үмбетовтің оған соғым сыйлағаны туралы да ақпарат тараған еді.