Malim.kz
Білім-ғылым

"2 жыл ғана жұмыс істейді": Еліміздің бас педагогы барша мұғалім асыға күткен қуанышты хабарды жеткізді

Мадияр Қапанбек
Мәжілістің баспасөз қызметі. Суретте: Жұлдыз Сүлейменова

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан мектептеріндегі директорлардың қызметіне қатысты жаңа өзгерістер жоспарланып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы министр 24.kz телеарнасының "Түйін" бағдарламасында айтты.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта мектептердегі басқару жүйесін жаңарту мәселесі қарастырылып жатыр. Оның сөзінше, мектеп директоры қызметі бұрынғыдай зейнетке шыққанға дейін атқаратын тұрақты лауазым болмауы тиіс.

"Қазір заман өзгерді, басқару тәсілдері де жаңарды. Мектеп директорлығы – өмір бойы отыратын қызмет емес. Бұл лауазымға ұмтылатын білікті, білімді, шығармашыл мұғалімдер көп. Сондықтан сол талантты ұстаздардың арасынан мықты менеджерлер шығатындай жүйе қалыптастыруымыз керек", – деді министр.

Жұлдыз Сүлейменова алдағы уақытта мектеп директорларының бір орында ұзақ уақыт жұмыс істеуіне шектеу қою мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.

Ұсынылып отырған жүйеге сәйкес, қала мектептері үшін "2+2" форматы, ал ауыл мектептері үшін "3+3" форматы енгізілуі мүмкін. Яғни қала мектептерінде директор алдымен екі жыл жұмыс істейді, егер қызметі оң бағаланса, тағы екі жылға қалуы мүмкін. Осылайша бір мектепте директордың ең ұзақ жұмыс істеу мерзімі төрт жыл болады.

Ал ауыл мектептерінде директордың қызмет мерзімі ең көбі алты жыл болуы ықтимал.

Қазіргі уақытта бұл бастама арнайы жұмыс тобының қарауында. Министрдің айтуынша, нақты шешім келесі оқу жылы басталғанға дейін қабылдануы мүмкін.

Бұған дейін Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласындағы негізгі мәселелердің бірі ретінде мұғалімдердің жас ерекшелігіне тоқталған еді. Министрдің айтуынша, жасы үлкен педагогтер кей жағдайда білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан цифрлық технологияларға бейімделуде қиындықтарға тап болады. Бұл жағдай оқу процесінің тиімділігіне және жалпы білім сапасына белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары