Malim.kz
Қоғам

27 жастан асқандарды жаппай әскерге әкете ме? Министрлік мәлімдеме жасады

Сабина Асқарқызы
Қорғаныс министрлігі

Әлеуметтік желілерде «әскерде болмаған 27 жастан асқан барлық қазақстандық әскери қайта даярлауға жіберіледі» деген ақпарат тарады. Алайда Қорғаныс министрлігі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Ведомствоның түсіндіруінше, тараған ақпарат полковник Ғани Артықовтың сөзін қате түсіндіруден шыққан. Оның мәлімдемесі тек әскери міндетті азаматтарды жоспарлы әскери жиындарға шақыру тәртібіне қатысты болған.

Министрлік мәліметінше, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 33-бабына сәйкес, әскери жиындарға запаста тұрған әскери міндеттілер ғана шақырылады. Мұндай жиындар жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын сақтау үшін жыл сайын өткізіліп тұрады.

Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызмет өтпеген және 27 жасқа толған азаматтар автоматты түрде әскери қайта даярлауға жіберілмейтінін ерекше атап өтті.

Ведомство қазақстандықтарға әскери-техникалық мектептерде ерікті түрде ақылы негізде білім алуға мүмкіндік бар екенін де еске салды. Мұндай оқу курстары 40 күнге созылады және аяқталғаннан кейін әскери-есептік мамандық беріледі.

Министрлік азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары