Malim.kz
Қоғам

"3-4 жыл тұрып, ажырасып кеттік": Әнші Айжан Нұрмағамбетова жеке өмірі жайлы құпия сырды ашты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, танымал эстрада әншісі Айжан Нұрмағамбетова ұзақ уақыт бойы көпшілікке айтылмаған отбасылық өмірі туралы алғаш рет ашық пікір білдірді. Өнер иесі бұл туралы "Momskii angime" подкастында берген сұхбатында айтып, жеке өміріндегі қиын кезеңдерді еске алды, деп хабарлайды Malim.kz.

Әншінің айтуынша, жастық шағында махаббат пен өмірлік таңдау туралы шешімдерді өте тез қабылдаған. Ол бір кездері өзіне ұзақ уақыт бойы ғашық болып жүрген жігіттің болғанын, алайда кейін басқа адамға тұрмысқа шыққанын жасырмады.

"Жап-жас кезімде бір жігіт үш жыл бойы артымнан қалмай жүрді. Бірақ мен оны тастап кеттім. Кейін бірінші жолдасымды кездестіріп, небәрі үш айдың ішінде ғашық болып, тұрмысқа шықтым. Бала дүниеге келді. Бірақ біздің некеміз ұзаққа созылған жоқ. Үш-төрт жыл ғана бірге тұрып, кейін ажырасып кеттік", – деді әнші.

Айжан Нұрмағамбетова сол кезеңде әкесінің айтқан бір сөзі өмірінде ерекше орын алғанын да атап өтті. Әкесінің ақылы кейін оның өмірінде шындыққа айналғанын мойындады.

"Сонда әкем маған: "Мен сияқты азаматты іздеме, ондай адам табылмауы мүмкін", – деген еді. Шынымен солай болды. Қазір қасымда жүрген жолдасым – менің екінші күйеуім. Ол адаммен бірге жүргенімізге қырық жылға жуықтады", – деп келтірді әншінің сөзін ozgeris.info сайты.

Әншінің бұл ашық сұхбаты әлеуметтік желіде қызу талқыланып, тыңдармандары мен жанкүйерлері оның өмір жолына қатысты түрлі пікір білдірді. Көпшілік әншінің өнердегі жолын жоғары бағалап, оның қазақ эстрадасына ерекше стиль әкелген тұлғалардың бірі екенін атап өтті.

Айжан Қабдуалиқызы Нұрмағамбетова 1956 жылы 4 шілдеде Қостанай облысының Сарыкөл ауданында дүниеге келген. Ол 1980-жылдардан бері қазақ эстрадасында еңбек етіп келеді. Әнші 1985-1997 жылдары белгілі "Гүлдер" ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, кейіннен "Қазақконцерт" ұйымында шығармашылық қызметін жалғастырды.

Өнердегі еңбегі үшін Айжан Нұрмағамбетова 1995 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағына ие болды. Сонымен қатар ол "Құрмет" орденімен, "Ерен еңбегі үшін", "10 жыл Астана", "20 жыл тәуелсіздік" медальдарымен және басқа да марапаттармен наградталған.

Бүгінде әнші қазақ эстрадасының тәжірибелі өкілдерінің бірі ретінде өнер жолын жалғастырып келеді. Оның орындауындағы "Бақыт деген", "Мен деп ойла", "Сарыарқа", "Айналайын сахна" сияқты әндер тыңдарман жүрегінен ерекше орын алған.

Айта кетейік, Роза Рымбаева, Қайрат Баекенов секілді өнердегі әріптестері бастаған әншілер Конституция жайлы ән шырқағанын жазған едік.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары