Malim.kz
Қоғам

3 мың қазақстандық бір айға әскерге шақырылады

Айбын Атабай
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Қорғаныс министрі 2026 жылы жоспарлы оқу-жаттығу жиындарына запастағы 3 мың әскери міндетті азамат тартылады деп бұйрық берді, деп хабарлайды Malim.kz.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-жаттығу жиындары запастағы әскери міндеттілердің даярлық деңгейін сақтау және жетілдіру, практикалық дағдыларын жаңарту, заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы меңгерту, сондай-ақ Қарулы күштердің жұмылдыру дайындығын нығайту үшін өткізіледі.

"Жиынға қатысушыларды жергілікті әскери басқару органдары армияның нақты әскери-есептік мамандықтар бойынша қажеттілігін ескере отырып іріктейді. Бұл ретте азаматтардың даярлық деңгейі, денсаулық жағдайы және заңнамада белгіленген өзге де талаптар назарға алынады", – деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігі.

Ведомство азаматтарды оқу-жаттығу жиындарына шақыру шақырту негізінде жүзеге асырылатынын түсіндірді.

"Шақырту алған азаматтар көрсетілген орынға белгіленген мерзімде келуге міндетті. Келуден жалтарғаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш (2026 жылы – 21 625 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған", – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Сондай-ақ министрлік заңнамада оқу-жаттығу жиындарына тартылмайтын азаматтардың кімдер екенін атап өтті.

Оқу-жаттығу жиындарынан босатылғандар: 

Оқу жылы кезінде педагогтер;

Күндізгі бөлімде білім алып жүрген студенттер;

Кәмелетке толмаған үш және одан да көп баласы бар ата-аналар;

"Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының заңында көзделген өзге де санаттағы азаматтар. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары