Malim.kz
Қоғам

40 жылдан кейін ғана мәлім болды: Мұстафа Өзтүріктің қызы ел естімеген шындықты айтты (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден

Мұстафа Өзтүріктің қызы Несихан Өзтүрік әлеуметтік желідегі парақшасында әкесінің бұрын көпшілікке беймәлім болып келген фотосын жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның айтуынша, соңғы күндері бұл суретті оған көптеген адам жіберген. Кадр 1986 жылы Германияда түсірілген. Ол кезде өзі небәрі 2 жаста болғанын да атап өткен.

"Кеше бері бұл суретті маған көп адам жіберді. Бұл – 1986 жылы Германияда түсірілген әдемі естелік. Сол кезде мен небәрі 2 жаста едім. Дәлелхан аға және менің әкем. Осы керемет суретті маған жіберген әрбір жанға алғысым шексіз", – деп жазды ол.

Бұған дейін Неслихан Өзтүрік Алматыда әкесінің есімі берілген көшеге арнайы барып, әсерлі сәттерін бөліскен еді. Сондай-ақ Мұстафа Өзтүріктің қызы әкесінің 22 жыл бойы сақталған құпия мұрасын ашқанын да жазған едік.

Мұстафа Өзтүрік: қазақ таеквондосының негізін қалаған әлем чемпионы

Мұстафа Өзтүрік – қазақ спорт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың бірі. Ол 1954 жылы Кайсери қаласында дүниеге келген. Шын есімі – Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахман. Бала кезінен зерек, ізденімпаз болып өскен ол білім мен спортқа ерекше қызығушылық танытқан.

Жастық шағында Ыстанбұлда білім алып, кейін Тайваньдағы жоғары оқу орнында халықаралық журналистика мамандығын игерген. Осы кезеңде ол корейдің дәстүрлі жекпе-жек өнері – таеквондомен айналыса бастайды. Уақыт өте келе бұл бағытта кәсіби деңгейге көтеріліп, әлемдік деңгейдегі спортшы атанды.

Мұстафа Өзтүрік таеквондодан алты мәрте әлем чемпионы атанып, қара белбеудің 6-дан дәрежесіне жеткен. Ол Түркия мен Германияда таеквондо мектептерін ашып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи Отанына оралып, бұл спорт түрінің дамуына үлкен үлес қосты.

Алматыда таеквондо мектебін құрып, Қазақстан таеквондо федерациясының негізін қалаушылардың бірі болды. Оның еңбегінің арқасында қазақ спортшылары халықаралық жарыстарда жетістікке жете бастады.

Өзтүрік тек спортшы емес, тәжірибелі жаттықтырушы әрі ұйымдастырушы ретінде де танылды. Бірнеше тілді меңгерген, жан-жақты тұлға спорт арқылы халықты біріктіруді мақсат етті.

Өкінішке қарай, ол 1995 жылы Алматыда 40 жасында өмірден өтті. Кейін денесі Ыстанбұлға жерленді. Бүгінде оның есімі ел жадында сақталып, Алматыда көше атауы беріліп, ескерткіш орнатылған.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары