Австралия мен Ұлыбритания мектептерінде жұмыс істеген мұғалім оқушылар мен олардың ата-аналары тарапынан көрсетілген қысым мен қорлықтан кейін жұмысын тастауға мәжбүр болды, деп хабарлайды Malim.kz.
Need To Know басылымының жазуынша, 31 жастағы Элис Шольц бала кезінен мұғалім болуды армандаған. Ол бұл жолды өмірін ерекше қажеттілігі бар балаларға арнаған анасының үлгісімен таңдаған. Алайда уақыт өте келе ол балалармен жұмыс істеуден бас тарту туралы шешім қабылдаған.
Оның айтуынша, педагогикалық қызметі барысында ол бірнеше рет физикалық зорлық пен қорлауға тап болған.
"Мұғалім болып жүргенде маған қол көтерген жағдайлар болды. Оқушылар мені тырнап, кейде көгергенше ұратын", – деді ол.
Мәселен, бір жолы ол сыныптағы балаларға шабуыл жасамақ болған оқушыны тыныштандырмақ болып, өзі зардап шеккен. Бала оның қолын қатты қысып, ауыртқан.
Сонымен қатар Шольц ата-аналар тарапынан да қысым көргенін айтты. Бір жағдайда ер адам оның бетіне саусағын шошайтып, айқай шығарған. Тағы бір ата-ана оның баласының сыныптасын ұрғанын айтқаны үшін ашуға булыққан.
"Бір оқушы маған балағат сөздер айтып, басқа балаларды да қорлайтын. Ал оның ата-анасы бір ай бойы мектептен баласын алып кеткен сайын мені телефонға түсіріп жүрген", – деп еске алды бұрынғы мұғалім.
Ол бұл жағдайлардың барлығы өзіне ауыр тигенін және сүйікті мамандығын тастау оңай болмағанын жеткізді.
Сондай-ақ Шольц Австралия мен Ұлыбританиядағы білім беру жүйелерінің айырмашылығы туралы да айтты. Оның сөзінше, Австралияда мұғалімдерге көбірек еркіндік беріліп, шығармашылық тәсілдер қолдау табады. Сонымен қатар жалақысы жоғары әрі жұмыс кестесі икемдірек.
Ал Ұлыбританияда білім беру жүйесі көбіне көрсеткіштерге негізделіп, оқушылардың нақты жағдайлары әрдайым ескеріле бермейді.
Қазіргі таңда Шольц мектепке толыққанды оралу жоспары жоқ екенін айтты. Дегенмен болашақта жартылай жұмыс ұсынысы түссе, алдымен оқу орнының беделі мен жағдайын мұқият зерттейтінін жеткізді.
Сонымен қатар ол өзіне ұқсас қиындықтарға тап болған мұғалімдерге қолдау көрсетіп, көмек беріп жүр.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ғылыми жобалармен айналысатын оқушылар мен оларды дайындайтын педагогтерге қатысты жағымды жаңалығын бөліскен еді.