Malim.kz
Әлем

Абу-Дабиде Украина, Ресей және АҚШ арасындағы келіссөздер аяқталды

Арман Қайыпхан
Фото: The Uae Ministry Of Foreign Affairs/TASS/ZUMA/picture alliance

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде өткен Украина, Ресей және АҚШ делегацияларының екі күндік келіссөздері аяқталды. Ресейдің Украинаға қарсы толық ауқымды соғысын тоқтатуға бағытталған келіссөздердің тәмамдалғанын Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі (ҰҚҚК) хатшысы Рүстем Умеровтің баспасөз хатшысы Диана Давитян мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

«Келіссөздер аяқталды. Коммуникация кейінірек болады», – деді ол.

Үш елдің делегациялары жабық форматта кездесті. АҚШ атынан келіссөздерге президенттің арнайы өкілі Стивен Уиткофф, Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер және АҚШ армиясының министрі Дэниел Дрисколл қатысты. Украина делегациясын ҰҚҚК хатшысы Рүстем Умеров басқарды. Ресей тарапынан делегацияны РФ Қарулы күштері Бас штабы Бас басқармасының бастығы, адмирал Игорь Костюков бастап барды.

Украина президенті кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов консультациялар «шынымен де конструктивті өтті» деп бағалады, алайда егжей-тегжейін ашпады. Ал Украина президенті Владимир Зеленский келіссөздерді «оңай болмады» деп сипаттады.

«Украина барынша конструктивті болды және солай қала береді», – деді ол Киевте Польша премьер-министрі Дональд Тускпен өткен баспасөз мәслихатында. «Біз тезірек нәтижелерге қол жеткізгіміз келеді», – деп қосты Зеленский.

Бұған дейін ресейлік ТАСС агенттігі Абу-Дабидегі келіссөздерде экономикалық мәселелер, аумақтардың мәртебесі және атысты тоқтату тетіктері талқыланғанын жазған еді. Агенттік дерегінше, ресейлік қатысушылар Украинамен бейбіт келісімге қатысты белгілі бір ілгерілеу бар екенін айтқан.

Бірнеше сағат бұрын Стивен Уиткофф тараптар 314 тұтқынды айырбастау жөнінде келісімге келгенін хабарлады. Оның айтуынша, бұл – соңғы бес айдағы алғашқы осындай тұтқын алмасу.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары