2025 жылдың 26-27 қараша күндері Лондонда өткен “AI World Congress-2025” атты конференцияға қатысып, екі күн бойы AI-технология, АІ-ғылым, AI-бизнес, AI-өндіріс және АІ-этика тақырыбындағы түрлі баяндаманы мұқият тыңдап, өз кезегімізде - бізді толғандырған сұрақтарды қоюға мүмкіндік алдық.
Спикерлер қатары - қазір жұмыс істеп тұрған, жаңа технологияларға негізделген компания өкілдерінен және жасанды интеллект тақырыбын қаузап жүрген ғалымдардан болды. Екі күн бойы өткен конференцияда ұзын-саны екі жүз қатысушыға IBM, Oracle, Microsoft, Deepset, HiddenLayer сынды ірі компанияларда жұмыс істейтін 25 маман баяндама жасады. Ұйымдастырушылардың дерегінше, аталған іс-шараға қатысуға - жасанды интеллект тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдар, AI-ға негізделген компания басшылары, IT-мамандар мен инженерлер, кәсіпкерлер мен иноваторлар ниет білдірген. Конференция сессиялары жарқын, мазмұнды презентацияларға негізделген түйінді баяндамалар; панельдік пікіралмасу; стартап компаниялардың уоркшоптары және нетуоркиң сияқты алуан форматта болды.
Алғашқы болып McKinsey компаниясындағы жасанды интеллектке жауапты өкіл Наюр Хан сөз алды. Ол тиімді MLOp тәжірибелері арқылы мекемелерге жасанды интеллектті енгізуді зерттеу тақырыбын тілге тиек етті. MLOps – Machine Learning Operations деген сөздердің қысқартылған нұсқасы, яғни машиналық оқыту модельдерін әзірлеу, енгізу, бақылау және басқаруды жүйелі түрде ұйымдастыруға арналған әдіс-тәсілдер жиынтығы.
Келесі тақырып - «AI автономиясы: қоғам мен бизнес үшін жаңа тәуекелдер, мүмкіндіктер мен түйткілдер» деп аталды. Бизнес-стратегия, цифрландыру, аналитика сияқты салаларда кеңес беретін әлемдегі ең ірі стратегиялық консалтинг ұйымның бірі Kearney компаниясының серіктесі Роланд Шаррер осы тақырыпты жан-жақты тарқатты. Ал «Жасанды интеллект көмегімен қосымшаларды жылдамырақ құру» тақырыбында Oracle компаниясының технология жөніндегі бас директоры Техас Джоши баяндама жасады. Smartr.AI компаниясының бас директоры Оливер Кинг-Смит пен IBM компаниясының AI жетекшісі Бенджамин Саммерфилд «AI-агенттер» ұғымына кеңірек тоқталып, оның келешектегі әлеуетіне ден қоюға шақырды.
Осы тақырыпты қаузап жүрген ғылым докторлары, атап айтар болсақ, PhD Джереми Сосабовски қазіргі таңда өзекті болып отырған қаржы криптовалютасындағы жасанды интеллект болжамдарына ғылыми көзқарасын білдірсе, ал PhD Саймон Пилатек жасанды интеллектті қолданудағы онлайн бедел тақырыбын көтерді. Ал Cumulocity компаниясындағы AI экожүйесінің директоры, PhD Канишк Чатурведи AI-операцияларды күшейту адамзаттың қай дағдыларын жетілдіруге әкелетініне тоқталды.
AI-конференцияда көпшілікті толғандыратын қауіпсіздік түйткілдеріне де назар аударылды. Мәселен, HiddenLayer компаниясының АІ қауіпсіздігін зерттеуші бас маманы Марта Янус машиналық оқыту жүйелерін алдау, бұзу, манипуляциялау әдістеріне жеке-жеке тоқталды. Ал Fieldfisher компаниясының бас серіктесі Крис Истхэм «Тәуекел менеджменті: басқару, сауат және сәйкестік» тақырыбындағы презентациясын ұсынды. Тағы да бір мазмұнды, ой саларлық баяндамасымен көзге түскен Fido компаниясының негізін қалаушы Виктория Эдвардс дер едік. Ол жасанды интеллекттің ауқымды әсері арқылы су тапшылығы мәселесін шешу жолдарын нақты мысалдар арқылы ұсына білді.
Әрбірі тұп-тура 15 минуттан сөйлеген спикерлердің негізгі ойлары жалпы бір-бірімен ұштасып, бірін екіншісі толықтырып жатты. Оларды түйіндер болсақ, негізгі қағидалар келесідей дей аламыз:
• Біз жасанды интеллектке адамзатта осы уақытқа дейін жиналған барлық білімді беріп жатырмыз, тиісінше ол бұдан да қатты күшейе бермек. Алдағы уақытта тіпті шешім шығарушы (desicion-making) ұйымдардың жауапкершілік құзіретін де өзіне ала бастауы ықтимал. Алайда оның негізгі функциясы көмекші екенін ұмытпауымыз керек.
• Бұл – жақсы жүйе, бірақ мемлекеттік, қоғамдық, адамзаттық дәрежедегі барлық жауапты іс-әрекетке шешім шығару мен басқартуға қатысты оған тым түбегейлі сеніп кетуге де болмайды. Әлемдік қауіпсіздік қағидаларын күшейте берген жөн.
• АІ саласы бұдан да жаңа қарқын ала бермек. Әсіресе жасанды интеллектті ұйымдық деңгейде енгізу процесі – AI Adoption күшейетін болады. Оның мақсаты – AI-ды зертханалық дәрежеден шығарып, нақты бизнес шешімдерге барынша интеграциялау және масштабтау.
• 2021 жылы Predictive AI, яғни жасанды интеллекттің болашақтағы нәтижелерді немесе оқиғаларды алдын ала болжауға қабілетті түрі дамыса; 2023 жылы Рre-training models, яғни деректер аз болса да, модельді жылдам әрі дәл оқытудың негізгі әдісі озды. Ал 2025 жылы Agentic AI revolution, яғни өздігінен әрекет ететін, мақсатқа бағытталған, шешім қабылдай алатын жасанды интеллект түрі қалыптасты деуге негіз бар. Ендігі AI – өзі әрекет етіп, тапсырманы орындау қабілеті бар “цифрлық агент”, ол тек болжам жасау немесе ұсыныс берумен шектелмейді, тіпті маңызды шешім қабылдап, әрекет жасай алады.
• Цифрлық бедел – Digital reputation мәселесі де күрделі болып барады. Бұл адамның, компанияның немесе брендтің интернеттегі және цифрлық ортадағы беделі мен сенімділігін білдіретін ұғым десек, ол медиа мен жаңалықта әр мекеменің әлеуметтік желі мен онлайн-мақалалардағы, жаңалықтардағы сипаттамаларына тікелей тәуелді болып қала бермек. Осы орайда «Компанияны жасанды интеллект өлтірмейді, өлтірсе - жалған промт пен жалған стратегия өлтіруі мүмкін» деген құнды пікір айтылды.
• Сондай- ақ конференцияда Dark Data (ұйымның жинақтаған, бірақ әлі пайдаланыла қоймаған жасырын деректері); Synthetic Data (шынайы деректерді модельдеу немесе алгоритмдер арқылы жасалған жасанды деректер) тақырыптарының келешектегі әлеуеті мен қызметі, оның білім беру саласындағы мүмкіндіктері талқыланды.
• Түйін сол, предиктивті жасанды интеллект (Predictive AI) нақты ғылымда, ал генеративті жасанды интеллект (Generative AI) шағармашылық салада өрісін кеңейте бермек. Алайда қазіргі таңда барлық компаниялардың 75%-ы генеративті AI-ды белсенді қолданып жатса, солардың тек үштен бірі ғана оны бақылау жауапкершілігін сезініп отыр. Ең қызығы, бірнеше жыл бұрын ғана шыққан нұсқалар жылдам көнеріп сала берген: «ескі модельдер» құрастыруға, құрауға негізделсе, қазіргі «жаңа модельдер» нақты шешіммен жауап беруді мақсат етеді.
Осы конференция аясында жасанды интеллектке қатысты шыққан жаңа (қазан, 2025) екі кітаптың авторлары да келіп, өз ойларын айтты. Рей Эйтель-Портер, Пол Донга мен Мириам Вогельдің бірлескен еңбегі «Машинаны тізгіндеу: Қалай жасанды интеллекттің қауіп-қатерлерін басқаруға және оның шынайы әлеуетін ашуға болады?» (Ray Eitel-Porter Paul Dongha & Miriam Vogel, «Governing the machine. How to navigate the risks of AI and unlock its true potential») кітабын конференцияға келушілер автор қолтаңбасымен сатып алуға мүмкіндік алды. Онда ең тың деректерге негізделген тұшымды тұжырымдар келтірілген. Сондай-ақ, Франциско Хавьер Кампос Сабала өзінің «Автономды ақыл-ойлар: AI-Агент өнімділік пен мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді қалай болжайды және үйренеді?» атты кітабын (Francisco Javier Campos Zabala, «Autonomous minds How agentic AI Predicts and learns to enable productovity and empowerment») жиналған көпшілікке таныстырды.
Енді, конференцияны ұйымдастыру барысын бақылағанда көрген-түйгендерімізді ортаға сала кетсек. Конференцияға қатысу ақылы. Мемлекет қыруар ақша бөліп, тендер арқылы өткізіп, қалаған адам келеді деген концепция бәлкім бұрын бұларда да болған да шығар... Бірақ, тақырыпқа тікелей қатысы бар, толықтай тыңдауға аса ықыласты, соның екі күндік жарнасын төлеуге ынталы топ жиналғанын аңғардық. Екі күндік конференцияға қатысу құны «ертерек алу», «вип қызмет» деген айырмашылықтарына қарай үш түрлі болды: 495 паунд (336 000 теңге), 695 паунд (472 000 теңге) және 2 295 паунд (1 560 600 теңге). Барлығына шай мен кофе, түрлі сусындар, жемістер, тәттілер және жеке-жеке түскі ас мәзірі кіреді. Конференция ұйымдастырушылары аз ғана адам екен. Әр жауапты қызметкер бірнеше жауапкершілікті қатар алып жүргенін көрдік. Прагматизм, кәсібилік, нақтылық деген осы болар.
Айта кетер болсақ, бұл конференцияға біз қазір Ұлыбританияның Лидс университетінде өтіп жатқан ғылыми тағылымдамамыздың негізінде жолдама алған едік. Оқу ордамыз билетін алып, ұйымдастырып берді.
Негізі мемлекеттік “Болашақ” орталығының “500 ғалым” бағдарламасы аясында бір топ оқытушы-ғалымдар болып, әлемнің ең үздік университетінің біріне “Білім саласындағы жаңа технологиялар” мамандану бағытын игеруге келгенбіз. Бұл жолғы топ бес адамнан тұрады, олар: Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінен Жанар Тасқалиева мен PhD Гүлмира Шаңғытбаева; Астанадағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінен Еркебұлан Жұматаев, Мақсұт Нәрікбаев университетінен PhD Алма Сайлауқызы және Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінен Дана Ниғманова сынды оқытушы-ғалымдар. Жаңа технологиялар мен жасанды интеллекттің даму барысы және оның мемлекетке, қоғам өміріне, соның ішінде білім саласына әсері мен әлеуетін зерттеп-зерделеу жұмыстары алдағы тоғыз ай бойы одан әрі жалғасын таба бермек.
Автор: Алма Сайлауқызы, Ұлыбританиядан