Malim.kz
Оқиға

Айбек Дәдебай «Әділет» саяси партиясының төрағасы болды

Айбын Атабай
Ақорда

Айбек Дәдебай жаңа «Әділет» саяси партиясын басқарады. Тиісті шешім партияның 7 мамырдағы съезінде қабылданды. 

«Әділет» партиясының құрылтай съезінде партияның құрылғаны ресми түрде жарияланды. «Әділет» партиясы өзін Президенттің реформалар бағытын қолдаушы ретінде жариялады.

Партия мүшелері сондай-ақ саяси кеңес құрып, жарғыны бекітті және бұрынғы Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайды партия төрағасы етіп сайлады. Ресми мәлімет бойынша, съезге Қазақстанның барлық өңірлерінен 1000-нан астам делегат қатысқан.

Айбек Дәдебай кім?

2001 жылы Айбек Дәдебай Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдаған, ал 2003 жылы осы оқу орнының магистратурасын бітіріп, аймақтану магистрі дәрежесін алған.

Әр жылдары Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің халықаралық туризм менеджменті кафедрасында оқытушы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратының парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің сарапшысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының көмекшісі міндетін атқарушы болып жұмыс істеген.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Женевадағы Тұрақты өкілдігінде атташе, үшінші хатшы қызметтерін атқарған. Кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесі басшысының орынбасары лауазымдарында еңбек етті.

2021 жылғы мамырдан 2022 жылғы қаңтарға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары болды.

2022 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы болып тағайындалды.

2024 жылғы 6 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды.

II сыныпты Кеңесші дипломатиялық дәрежесіне ие. «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Еске салайық, 5 мамыр күні Президент Жарлығымен Айбек Дәдебай басқа жұмысқа ауысуына байланысты Президент Әкімшілігінің басшысы қызметінен босатылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Президент Әкімшілігінің басшысы болып Роман Скляр тағайындалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Айбек Дәдебайға шынайы алғысын білдіріп, оның Президент Әкімшілігінің басшысы қызметіндегі жұмысына жоғары баға берді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары