Malim.kz
Қоғам

"Әйелім үйлену тойымда тілек айтты": Қалдыбек Құрманәлі жарымен қалай танысқанын ашып айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Malim.kz коллажы

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, сазгер Қалдыбек Құрманәлі отбасылық өмірі мен жұбайы Эльмирамен қалай танысқаны туралы айтып берді. Өнер иесі бұл туралы 2024 жылы "Алғашқы" бағдарламасында сыр шерткен еді, деп хабарлайды Malim.kz.

Сазгердің айтуынша, қазіргі жарына дейін басқа қызға үйленбек болған. Тіпті сол кезде шағын отырыс ұйымдастырылып, дастархан жайылған. Ортаға аққу мен екі сақина бейнеленген торт та қойылған.

"Халық білмейтін құпиямды айтайын. Осы үйленуіме қатысты ешжерде айтпап едім. Үйдегі жеңгелеріңнен бұрын басқа қызға үйленетін болғанмын. Дастархан жайып, ортаға аққу мен екі сақинасы бар тортты алдырып, отырыс жасағанбыз. Сонда қазіргі келіншегім "Қалдыбек аға, бақытты болыңыздар" деп тілек айтқан. Бірақ ол қызға үйленбей қалдым. Арада екі ай өткенде Эльмирамен бас құрадық. Жеңгелеріңе үйленген кезде ол екінші курста оқитын студент еді", – деді өнер иесі.

Сазгер жұбайының өзінің қарындасының құрбысы екенін де жасырмады. Сонымен қатар мінезінің оңай емес екенін айтып, жарының көп қиындыққа төзіп келе жатқанын жеткізді.

"Өз тойымды өзім жасаған адаммын. Той жақсы өтті. Тойдан кейін досымның үйіне барып тұрдық. Баратын жеріміз жоқ қой. Осы жерде бір өтірігім жайлы айтайын. "Үйім бар десем маған көніп, тиетін шығар" деген оймен жүріп жүрген кезімде "Басымда екі үйім бар" деп алдағам. Риза болғаным, әйелім үйленген соң "Сол кезде айтқан үйіңіз қайда?" деп сұрамады. Мен көрген қорлықтың жартысын тең бөлісіп, көтерді. Кейде ренжитін, кейде маған тигеніне өкінген де шығар. Бірақ "Үйім бар деп едің" деп бетіме баспады. Құдай өзі сәтін салып, Иманғали Тасмағамбетов қалаға әкім боп келгенде маған екі үй берді. Сол кезде әйеліме "Баяғыда айтқан екі үйім осы еді" деп әзілдеп айтқаным бар. Менің бар кінәм – алдын ала айтып қойғам", – деді Қалдыбек Құрманәлі.  

Еске сала кетейік, Қалдыбек Құрманәлі марқұм әнші Мәдина Ералиева туралы жан тебірентер естелігін бөліскен еді. Сондай-ақ ол саясаткер, қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке байланысты көпшілікті алаңдатқан маңызды деректі айтқан.

Қалдыбек Құрманәлі кім?

Қалдыбек Құрманәлі – қазақ ән өнерінде өзіндік орны бар белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1966 жылы 13 мамырда қазіргі Түркістан облысы, Бәйдібек ауданына қарасты Тасқұдық ауылында дүниеге келген.

Өнер иесі ауылда өсіп, жастайынан ән мен музыкаға жақын болды. Қалдыбек Құрманәлі қазақ эстрадасында кең тараған лирикалық әндердің авторы ретінде танылды. Оның "Қариялар азайып бара жатыр", "Ән-арман", "Кірмеші жиі түсіме" сияқты шығармалары тыңдарман жүрегінен орын алды. Сондай-ақ "Қиялдағы қалқа", "Ән аға немесе Шәмшімен сырласу", "Жайықтың толқындары", "Шәй ішіп кетсең қайтеді" секілді әндері де халық арасында кеңінен тараған.

Қалдыбек Құрманәлі шығармаларында ұлттық болмыс, адамдық сағыныш, туған жерге құрмет және өмірдің өткіншілігі жиі көрініс табады. Ол қарапайым тыңдарманға түсінікті, жүрекке жақын әуендер жазуымен ерекшеленеді. Композитордың әндерін Қазақстанның танымал әншілері орындап, оның туындылары ел ішінде кең насихатталды.

Қалдыбек Құрманәлі қазақтың әйгілі композиторы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын насихаттауға да көп еңбек сіңірген тұлға. Ол жыл сайын өтетін "Шәмші әндері" кештері арқылы ұлы сазгердің мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуге үлес қосып келеді. Өнер иесі сұхбаттарында Шәмші әндерінің өміршеңдігін сақтау қазақ мәдениеті үшін маңызды екенін бірнеше рет айтқан.

Қалдыбек Құрманәлі шығармашылық жолында тек композитор ретінде ғана емес, ұлттық ән өнерінің жанашыры ретінде де танылды. Ол қазақы ән дәстүрін сақтай отырып, эстрадалық бағытта тыңдарманға жақын туындылар ұсынды. Композитордың шығармашылығы бірнеше буын тыңдарманды байланыстыратын рухани көпірге айналды. 1983 жылы Алматыға келген Қалдыбек Құрманәлі кейін туған ауылына қайта оралып, қарашаңырақтың отын өшірмеуді мақсат еткенін айтқан. Оның бұл қадамы туған жерге деген құрметі мен ауылға деген ықыласын көрсетеді. Қалдыбек Құрманәлі өнердегі ашық мінезімен, тура сөйлейтін болмысымен және қазақ әніне қатысты батыл пікірлерімен де көпшілікке белгілі. Оның шығармашылық кештері мен сұхбаттары ел ішінде жиі талқыланып, өнерсүйер қауымның назарын аударып келеді. Бүгінде Қалдыбек Құрманәлі қазақ эстрадасының дамуына үлес қосқан, әндері халық жадында қалған беделді сазгерлердің бірі саналады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары