Танымал композитор Қалдыбек Құрманәлі саясаткер, қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке байланысты көпшілікті алаңдатқан маңызды деректі бөлісті. Бұл жайында ол Qazaq Aıran арнасына берген сұхбатында айтып өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
Құрманәлінің айтуынша, Заманбек Нұрқаділов өмірінің соңғы кезеңінде өзіне қауіп төнуі мүмкін екенін алдын ала сезген.
"Зәкеңнің құпия құжаттары туралы жиі айтылады. Ол кісі расымен де қандай да бір қатердің барын сезген сияқты. Сол уақыттарда бірнеше адамға өзі хат жазды. Сол хаттардың бірін Мұхтар Шаханов ағамызға апарып берген едім. Мұхаң хатты өз қолымен оқыды, бірақ ішінде не жазылғанын маған айтпады", – деді композитор.
Оның айтуынша, бұл хаттарда аса маңызды құжаттарға қатысты тек кіріспе ақпараттар ғана болған. Ал негізгі материалдар Нұрқаділовтің шетелге шыққан сапарларының бірінде сыртқа жеткізілуі мүмкін.
"Шетелге барған кезде сол құжаттарды жәшікке салып кеткен сияқты. Бірақ ол қандай құпия – нақты білмеймін. Әйтеуір үлкен дүние болғаны анық. Себебі дәл солардан кейін ол кісіге қастандық жасалды ғой", – деді Қалдыбек Құрманәлі.