Malim.kz
Қоғам

Аюдың даусынан қорыққан жастарға құтқарушылар көмектесті

Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Алматы тауларында аюдың ақырғанына ұқсас дыбыстан қорыққан төрт жас құтқарушылардан көмек сұрады, деп Malim.kz тілшісі ТЖМ-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Медеу ауданындағы №166 соқпақта, "Медеу" бағытына қарай болған. 18 бен 23 жас аралығындағы төрт жас таудан түсіп келе жатып, аюдың ақырғанына ұқсас дыбыстарды естіген.

Қорыққан жастар өздігінен төмен түсуге жүрексініп, көмек шақырған.

Оқиға орнына Алматы қаласы Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары мен полиция қызметкерлері барған. Мамандар жастарды тау ішінен тауып, "Медеу" аумағына дейін қауіпсіз алып түсті.

Оларға медициналық көмек қажет болмаған. Кейін жастар қалаға өз беттерімен аттанған.

ТЖМ тауға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлап, ауа райы жағдайын және күннің бату уақытын ескеруге кеңес береді. Сондай-ақ туристік соқпақтардан шықпау және өз мүмкіндігін дұрыс бағалау қажеттігін ескертті.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары