Malim.kz
Қоғам

"Алғашқы махаббатымды ұмытпадым": Мақпал Жүнісова ешкімге айтпаған құпия сырын бөлісті

Мадияр Қапанбек
Мақпал Жүнісова. Скриншот: "Алғашқы" бағдарламасы (Фото ЖИ арқылы өңделді)

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова алғашқы махаббаты туралы сырын бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Әнші 2024 жылы "Алғашқы" бағдарламасына берген сұхбатында жастық шағындағы Қанат есімді жігітті әлі күнге дейін ұмытпағанын айтып, сол кезеңдегі естеліктерін еске алған еді.

"Алғашқы махаббатымды әлі ұмытқан жоқпын. Өте әдемі, сұлу бала болатын. Бірақ сол махаббат маған бұйырмады. "Кетсең де шалғай" әнін сол Қанатқа арнап жылап айтқам", – деді Мақпал Жүнісова.

Өнер иесінің айтуынша, кейін Қанат Карбузов өмірден өткен. Оның қайтыс болғанын әншіге марқұмның ұлы жеткізген.

"Сол кезде оның баласы маған звондап: "Мақпал апа, мен Қанат Карбузовтың баласы едім. Апа, әкемнің аманаты еді. Қайтыс болғанда Мақпалға айт деген", – деді. Жүрегім дір ете қалды", – деп еске алды әнші.

Мақпал Жүнісова алғашқы махаббатына қатысты естеліктерді әлі де сақтап жүргенін жасырмады.

"Әлі күнге дейін ол кісінің суреттері мен хаттары сақтаулы", – деді өнер иесі.

Еске сала кетейік, Мақпал Жүнісова жол үстінде оқыс жағдайға тап болғанын әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған еді.

Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасының танымал тұлғасы

Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасының дамуына өзіндік үлес қосып, ерекше дауысымен және орындаушылық шеберлігімен көпшілікке танылған әнші. Ол 1963 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына қарасты Теректі ауылында дүниеге келген.

Өнерге бала кезінен қызығушылық танытқан Мақпал Жүнісова кәсіби шығармашылық жолын 1981 жылы "Қазақконцерт" бірлестігінде солист болып бастады. Табиғи таланты мен кең тынысты дауысы оның аз уақыт ішінде тыңдарманға танылуына жол ашты. Әнші еліміздің түрлі өңірінде ғана емес, шетел сахналарында да өнер көрсетіп, қазақ ән өнерін халықаралық деңгейде насихаттауға атсалысты. Оның орындауындағы бірқатар ән халық арасында кеңінен танылып, қазақ эстрадасының сүйікті туындыларына айналды.

Мақпал Жүнісованың өнердегі еңбегі жас кезінен жоғары бағаланды. Ол 22 жасында "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі" атағын алса, 31 жасында "Қазақстанның халық әртісі" атанды. Бұл марапаттар оның ұлттық музыка мен мәдениет саласындағы еңбегін айқындады. Өнер иесі шығармашылықпен қатар ұстаздық бағытта да еңбек етті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған әнші кейін жас өнерпаздарға тәлім беріп, олардың кәсіби қалыптасуына үлес қосты. Көп жылғы еңбегінің нәтижесінде профессор атанып, өнер жолын таңдаған жастарға бағыт-бағдар берді.

Мақпал Жүнісованың орындаушылық ерекшелігі – сыршыл дауыс пен әннің мағынасын көрерменге шынайы жеткізе білуінде. Оның репертуарында халық әндері, романстар, эстрадалық және джаз бағытындағы шығармалар бар. Бүгінде Мақпал Жүнісова қазақ сахнасындағы өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан өнер иелерінің бірі саналады. Ол бірнеше буын тыңдарманның ықыласына бөленіп, қазақ эстрадасындағы беделді тұлғалардың қатарында келеді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары