Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова жол үстінде оқыс жағдайға тап болғанын әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп хабарлайды Malim.kz.
Әншінің айтуынша, сіңлісі екеуі көлікпен келе жатқанда дөңгелек кенеттен жарылып кеткен. Осы сәтте оларға жолда кездескен азамат көмектескен.
"Сіңілім екеуміз келе жатқан едік, жолда көліктің дөңгелегі жарылды. Сұлтан есімді Атыраудың жігіті дөңгелекті ауыстырып беретінін айтты. Жақсы адамдар бар екен, жасы ұзақ болсын", – деді Мақпал Жүнісова.
Өнер иесінің видеосын көрген желі қолданушылары болған жағдайға алаңдаушылық білдіріп, әншіге амандық тіледі.
"Дөңгелекті бүйірінен қатты тесіп кеткен екен, Құдай сақтапты", "Жақсы адамдар көп болсын", "Аман-есен жүргеніңізге шүкір", "Адамның ниетіне қарай жақсы адамдар кездеседі", – деп жазды оқырмандар.
Желі қолданушылары әнші мен оның сіңлісінің дін аман қалғанына қуанып, жолда көмектескен азаматқа алғыс айтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін әншінің Маңғыстауда өткен жеке концерті кезінде ерекше жағдайға тап болғаны, сондай-ақ Қарағандыға жасаған сапарында көңілі қалған жайттарды бөліскені туралы жазған едік. Сонымен қатар Мақпал Жүнісова өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі жайлы да ашық айтып, әлеуметтік желідегі парақшасында туған ағасы Болатты еске алып, жүрек тебірентер жазба қалдырған болатын.
Мақпал Жүнісова – қазақ өнерінің көрнекті өкілі
Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасының өркендеуіне елеулі үлес қосқан, ерекше дауысымен және дара орындаушылық мәнерімен халықтың ықыласына бөленген танымал әнші. Ол 1963 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Теректі ауылында дүниеге келген.
Өнерге жастайынан қызығушылық танытқан Мақпал Жүнісова кәсіби сахнадағы шығармашылық жолын 1981 жылы «Қазақконцерт» бірлестігінің солисі ретінде бастады. Табиғи таланты, кең диапазонды дауысы және сахнадағы еркіндігі оның қысқа уақыт ішінде көпшілікке танылуына ықпал етті.
Әнші Қазақстанда ғана емес, шетел сахналарында да өнер көрсетіп, қазақ музыкасын халықаралық көрерменге танытуға үлес қосты. Оның орындауындағы әндер тыңдарманның жүрегінен орын алып, ұлттық эстраданың алтын қорына енді.
Мақпал Жүнісованың өнер жолындағы еңбегі жас кезінен-ақ жоғары бағаланды. Ол 22 жасында «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағына ие болса, 31 жасында «Қазақстанның халық әртісі» атанды. Бұл атақтар әншінің қазақ мәдениеті мен музыкасына қосқан зор үлесінің айқын дәлелі болды.
Өнер иесі сахнамен қатар білім беру және ұстаздық қызметпен де айналысты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған ол кейін жас таланттарға тәлім беріп, олардың шығармашылық жолының қалыптасуына ықпал етті. Көп жылдық еңбегінің нәтижесінде профессор атанып, өнерге қадам басқан жастарға бағыт-бағдар көрсетті.
Мақпал Жүнісованың басты ерекшелігі – тыңдарманның жан дүниесіне әсер ететін сыршыл дауысы мен шынайы орындаушылық шеберлігі. Оның репертуарынан халық әндері, романстар, эстрадалық және джаз бағытындағы шығармалар орын алған. Түрлі жанрда еркін ән айтуы оны бірнеше буын тыңдарманға жақын етті.
Бүгінде Мақпал Жүнісова қазақ эстрадасының примадоннасы әрі «Орта Азияның бұлбұлы» ретінде кеңінен танылған. Оның концерттері әлі де көрерменнің ерекше қызығушылығын тудырып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Мақпал Жүнісова – қазақ сахнасында қайталанбас қолтаңбасын қалыптастырған, халықтың құрметіне ие болған көрнекті өнер тұлғасы.