Белгілі әнші Медеу Арынбаев өмірінде өшпес із қалдырған өкініші жайлы айтып, тыңдармандардың жүрегін елжіретті, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі бұл оқиғаны "Хабар" арнасына берген сұхбатында айтып, әкелік сезім мен өмірлік сабақты ашық бөлісті.
"Келіншегім екінші сәбиімізге жүкті болды. Жастық қой, бұл сәбиіміз де ұл болады деп сеніп, күттім. Босанатын уақыты жеткенде перзентханаға апарып, орналастырып, кері қайттым. Бір-екі күннен кейін босанады деп ойлап, достарымызбен тойлауды бастап кеттік. Әне міне, дүниеге келетін сәбиді ұл деп, тостымызды сол ұлға арнап отырғанбыз. Бір кезде телефон шырылдады. Тұтқаның арғы бетіндегі дауыс әйелімнің босанғанын айтып, "өмірге қызыңыз келді" деп құттықтады. Біртүрлі боп қалдым... "Жігіттер, ұл емес, қыз екен" дегенімді әлі күнге дейін кешіре алмаймын. Қазір қызымды әр сүйген сайын сол күнгі әрекетім үшін іштей кешірім сұрай беремін", – деді Медеу Арынбаев.
Әнші бұл сәтті өміріндегі ең үлкен өкініш әрі ең ауыр сабақтардың бірі деп санайды.
Айта кетейік, Медеу Арынбаев пен марқұм жары, әнші Айгүл Арынбаева (Үмбетәлиева) 1996 жылы "АБК" тобының алғашқы концерттерінің бірінде танысып, екі айдан кейін шаңырақ көтерген. Бір жылдан соң ұлы Дәулет, ал екі жылдан кейін қызы Дайана дүниеге келген.