Белгілі әнші Медеу Арынбаев өмірінде терең із қалдырған өкінішті оқиғасымен бөлісті. Ол бұл туралы "Хабар" арнасына берген сұхбатында айтып, көрермендердің жүрегін толқытты, деп хабарлайды Malim.kz.
Әншінің айтуынша, марқұм жары Айгүл Арынбаева екінші сәбиіне жүкті болған кезде, ол баланың ұл болатынына қатты сенген. Алайда тағдыр оның бұл үмітін басқа арнаға бұрған.
"Келіншегім екінші сәбиімізге жүкті болды. Жастық қой, бұл сәбиіміз де ұл болады деп сеніп, күттім. Босанатын уақыты жеткенде перзентханаға апарып, орналастырып, кері қайттым. Бір-екі күннен кейін босанады деп ойлап, достарымызбен тойлауды бастап кеттік. Әне міне, дүниеге келетін сәбиді ұл деп, тостымызды сол ұлға арнап отырғанбыз. Бір кезде телефон шырылдады. Тұтқаның арғы бетіндегі дауыс әйелімнің босанғанын айтып, "өмірге қызыңыз келді" деп құттықтады. Біртүрлі боп қалдым... "Жігіттер, ұл емес, қыз екен" дегенімді әлі күнге дейін кешіре алмаймын. Қазір қызымды әр сүйген сайын сол күнгі әрекетім үшін іштей кешірім сұрай беремін", – деді Медеу Арынбаев.
Әнші бұл оқиғаны өміріндегі ең ауыр әрі үлкен сабақтардың бірі деп санайды.
Айта кетейік, Медеу Арынбаев марқұм жары, танымал әнші Айгүл Арынбаевамен (Үмбетәлиева) 1996 жылы "АБК" тобының алғашқы концерттерінің бірінде танысып, екі айдан кейін шаңырақ көтерген. Ерлі-зайыптылардың ұлы Дәулет және қызы Дайана бар.