Алматы қаласының Медеу ауданы әкімдігі «Медеу» спорт кешеніне жеке көліктердің кіруіне қатысты жаңа шектеулерді қарастыруда. Бұл туралы аудан әкімі Еркебұлан Оразалин мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Әкімнің айтуынша, биік тауда орналасқан танымал спорт кешені маңында автотұрақ тапшылығы мәселесі ұзақ жылдан бері өзекті болып келеді. Осыған байланысты оны кешенді реконструкциялау аясында шешу жоспарланып отыр.
«Жоба шеңберінде қосымша автотұрақ орындарын ұйымдастыру қарастырылуда. Сондай-ақ «Медеуге» жетпей төменгі аумақта көлік қозғалысын шектеу мүмкіндігі зерттеліп жатыр», – деді ол Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сонымен қатар толық жабу немесе белгілі күндері көлікті шектеу енгізу жоспарланбағаны айтылды.
«Кешеннен шамамен 5 шақырым төмен бөлікте көлік-транзиттік хаб құру ұсынылып отыр. Бұдан бөлек кіреберіс маңындағы бос ғимаратты қосымша автотұрақ ретінде пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда», – деді әкім.