Malim.kz
Қоғам

"Аманатын бұлжытпай орындадық": Роза Бағланованың келіні енесі туралы құпияны ашып айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Malim.kz коллажы

Белгілі әнші, Роза Бағланованың келіні журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында анасының өмірінің соңғы кезеңі туралы әсерлі естеліктерін бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның айтуынша, Роза Бағланова өмірден өтерінен шамамен бір жыл бұрын соңғы сапарына қатысты барлық дайындықты өзі алдын ала жасап қойған.

"Үлкен кісілер сезеді дейді ғой. Анам кетерінен бір жыл бұрын маған: "20 метр ақ мата алып қойшы" деді. Тіпті шымылдығына дейін, мәйітті жуындыруға қажет заттардың бәрін әзірлетті. Құлпытасқа не жазылатынын да өзі айтып кетті. Азан шақырып қойған есімі – Үрбибі. "Үрбибі-Роза Бағланова" деп жаздырасыңдар деді. Біз анамыздың сол аманатын бұлжытпай орындадық", – деді ол.

Әншінің келінінің бұл естелігі әлеуметтік желі қолданушыларының жүрегін толқытып, көпшілік Роза Бағланованың көрегендігі мен өмірге деген ерекше көзқарасына қатысты пікір білдіруде.

Еске сала кетейік, Халық әртісі Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында Роза Бағланова туралы жүрек тебірентерлік бейнежазба жариялаған. Бұған дейін Роза Бағланованың келіні журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында өнер иесінің өмірінің соңғы күндерін еске алған еді.

Роза Бағланова кім?

Роза Бағланова – қазақ музыка өнерінің тарихында өшпес із қалдырған көрнекті әнші, КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, Қазақстанның Халық Қаһарманы. Ол 1922 жылдың 1 қаңтарында Қызылорда облысының Қазалы өңірінде дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Үрбибі. Кейін өнер жолында Роза Бағланова есімімен кеңінен танылды.

Болашақ әнші жастайынан ән айтуға бейім болып, ерекше дауысымен көзге түсті. Тағдырдың талай сынағына, соғыс жылдарының ауыртпалығына қарамастан, өнерге деген адалдығынан айныған жоқ. Оның шығармашылық жолы Ташкент филармониясының ән және би ансамблінен басталып, көп ұзамай ұжымның жетекші солисіне айналды.

Ұлы Отан соғысы кезінде Роза Бағланова майдан шебінде өнер көрсетіп, жауынгерлердің рухын көтеруге зор үлес қосты. Ол алғы шепте концерттер ұйымдастырып, қиын жағдайда да ән айтуды тоқтатпады. Сол кезеңде жарақат алып, көзіне зақым келгені туралы деректер кездеседі. Соған қарамастан, соғыстан кейін шығармашылық қызметін жалғастырып, сахнаға қайта оралды.

1947-1949 жылдары Абай атындағы Қазақ опера және балет театрында әнші болып еңбек етсе, 1949-1960 жылдары Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының жетекші солисі болды.

1949 жылы Будапештте өткен Жастар мен студенттердің халықаралық фестивалінде бас жүлдені жеңіп алып, қазақ ән өнерін халықаралық деңгейде танытты. Оның репертуарында қазақтың халық әндерімен қатар, әлем халықтарының музыкалық шығармалары мен классикалық туындылар да орын алды.

Роза Бағланова шығармашылық ғұмырында әлемнің көптеген мемлекетінде гастрольдік сапармен өнер көрсетіп, қазақ мәдениетін кеңінен насихаттады. Оның ерекше үні, сахнадағы шеберлігі мен ұлттық болмысты дәріптеуі көрермендердің жоғары бағасына ие болды.

Өнердегі ерен еңбегі үшін 1955 жылы оған Қазақ КСР халық әртісі, 1967 жылы КСРО халық әртісі атағы берілді. Ал 1996 жылы Қазақстанның ең жоғары марапаттарының бірі – "Қазақстанның Халық Қаһарманы" атағына ие болды.

Роза Бағланова 2011 жылдың 8 ақпанында Алматы қаласында дүниеден өтті. Дегенмен оның шығармашылығы мен қазақ ән өнеріне сіңірген еңбегі бүгінге дейін халық жадында сақталып, кейінгі ұрпаққа рухани мұра болып келеді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары