freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Көзінен жас парлап ағып жатты": Роза Бағланованың келіні енесінің ақтық демі үзілер шағын еске алды (ВИДЕО)

Қоғам
"Көзінен жас парлап ағып жатты": Роза Бағланованың келіні енесінің ақтық демі үзілер шағын еске алды (ВИДЕО)
Dalanews.kz коллажы

Қазақстанның Халық әртісі, әйгілі әнші Роза Бағланованың келіні журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында өнер иесінің өмірінің соңғы күндерін еске алды, деп Malim.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, Роза Бағланова ауруханада шамамен бір апта жатқан. Соңғы күндерінің бірінде дәрігерлер жақындарына жансақтау бөліміне кіріп, әншімен жүздесуге рұқсат берген.

"Ауруханада жеті күн жатты ғой деймін. Жетінші күні біз бардық. Жасанды тыныс алумен жатты. Дәрігер: "Сендер келгенде дәрі бермеймін, есін біліп жататын болады", – деді. Немересін алып бардық. Өзі қатты жақсы көретін ұл немересі еді. Түнгі сағат 12 шамасында әрең дегенде жансақтау бөліміне кірдік. Есін біліп жатыр екен. Көре сала мен қатты жыладым. Тізерлеп отырып қалдым. Сонда анам қолымды қатты қысты. Өзі трубкамен жатты, бірақ көзінен жас парлап ағып жатты. Мен тек: "Мама, бұл қалай болды?" деп айта бердім. Шок жағдайда болдым", – деді ол.

Келінінің сөзінше, сол түні жақындары Роза Бағлановамен қоштасып шыққан. Ал келесі күні әнші өмірден өткен.

"Біз түнде барып қайттық. Келесі күні ол кісі кетті. Ішімде бір өкініш қалды. Сол ауруханаға бекер апардым ба деп ойлаймын", – деп ағынан жарылды ол.

Еске сала кетейік, Халық әртісі Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында Роза Бағланова туралы жүрек тебірентерлік бейнежазба жариялаған.

Роза Бағланова кім?

Роза Бағланова – қазақ ән өнерінің тарихында ерекше орны бар әйгілі әнші, КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, Қазақстанның Халық Қаһарманы. Ол 1922 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысы Қазалы өңірінде дүниеге келген. Әншінің азан шақырып қойған есімі Үрбибі болғанымен, кейін ол күллі елге Роза Бағланова деген атпен танылды.

Роза Тәжібайқызы жастайынан өнерге жақын болып, ән айту қабілетімен ерте көзге түскен. Өмірдің ауыр кезеңдері мен соғыс жылдарының қиындығына қарамастан, ол өнер жолынан таймай, сахнаға адал болды. Оның кәсіби шығармашылық жолы Ташкент филармониясындағы ән-би ансамблінен басталды. Кейін ол осы ұжымның бас солисіне айналып, жас болса да үлкен сахналарда өнер көрсетті. Ұлы Отан соғысы жылдары Роза Бағланова майдан даласына барып, жауынгерлер алдында ән шырқады. Ол оқ пен оттың ортасында жүріп, сарбаздарға рух беріп, патриоттық әндерімен елдің еңсесін көтерді. Майданда жүрген кезінде әнші жарақат алып, көзіне зақым келгені туралы деректер бар. Соған қарамастан, ол өнерін тоқтатпай, соғыстан кейін де сахнаға қайта оралды.

1947-1949 жылдары Роза Бағланова Абай атындағы Қазақ опера және балет театрында әнші болып қызмет етті. 1949-1960 жылдары Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының солисі болды. 1949 жылы Будапештте өткен Жастар мен студенттердің халықаралық фестивалінде бас жүлде иеленіп, қазақ әнін әлемдік сахнада танытты. Оның репертуарында қазақтың халық әндерімен қатар, әлем халықтарының әндері, классикалық шығармалар және заманауи композиторлардың туындылары болды.

Роза Бағланова өмір бойы гастрольдік сапарларда жүріп, әлемнің көптеген елінде концерт берді. Оның әсем дауысы, сахнадағы мәдениеті және ұлттық киім үлгісі қазақ өнерінің биік деңгейін көрсетті. 1955 жылы оған Қазақ КСР халық әртісі, ал 1967 жылы КСРО халық әртісі атағы берілді. 1996 жылы Роза Бағланова Қазақстанның Халық Қаһарманы атанып, ел мәдениетіне сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. Роза Бағланова 2011 жылы 8 ақпанда Алматыда өмірден өтті, бірақ оның есімі мен әндері қазақ халқының рухани жадында мәңгі сақталып қалды.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу