Malim.kz
Қоғам

"Анам екеуміз ғана әкемнің жерлеуіне қатыстық": Заманбек Нұрқаділовтің қызы ел естімеген шындықты айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден

Белгілі дизайнер Құралай Нұрқаділова кезекті сұқбатында көпшілікке беймәлім болған отбасылық жайттарды айтып, қоғам назарын өзіне аударды, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы ол 2023 жылы Bilgen durys бағдарламасына берген сұқбатында айтты.

Дизайнердің айтуынша, арада қанша жыл өтсе де, әкесі Заманбек Нұрқаділовтің екінші отбасымен қарым-қатынасы жақсармаған. Ол әкесімен 15 жыл бойы араласпағанын да жасырмады.

"Мен әкеммен 15 жыл сөйлеспедім, анам да оны көрген жоқ. Әкемнің қазасы әлі күнге дейін жұмбақ. "Жаңа Қазақстан" құрылмайынша, шындық ашылмайды. Қазір әркім өз нұсқасын айтып жүр, бірақ нақты жауап жоқ", – деді Құралай Нұрқаділова.

Сұқбат барысында әкесінің жаназасына қатысты да сұрақ қойылды. Исламда суицид жасаған адамның жаназасы шығарылмайды деген пікірге қатысты дизайнер былай жауап берді:

"Бұл мәселені имамдар өзара ақылдасты. Киіз үйде жиналып, шешім қабылдағанын білемін. Қоштасу рәсіміне көптеген белгілі тұлғалар келді. Бірақ жерлеуге анам екеуміз ғана бардық. Сол сәтте бізге әкеммен ұзақ қоштасуға мүмкіндік берілді", – деді ол.

Сонымен қатар Құралай Нұрқаділова әкесінің зиратына жиі барып, іштегі сырын бөлісетінін де айтты. Оның сөзінше, бұл тақырып әлі күнге дейін өзі үшін ауыр.

Айта кетейік, Құралай Заманбекқызы Нұрқаділова – қазақстандық танымал дизайнер, суретші және стилист, "Құралай" сән үйінің негізін қалаушы. Ол Қазақстанның Ұлттық сән палатасының атқарушы директоры болып қызмет атқарады және Kazakhstan Fashion Week секілді ірі сән алаңдарының тұрақты қатысушысы.

Ол Алматы мемлекеттік университетінің көркем-сурет және графика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1990 жылы "Азия дауысы" байқауында бастап, кейін тележурналистика мен сән индустриясында табысты қызмет атқарды.

Бүгінде Құралай Нұрқаділова – Қазақстандағы сән әлемінің беделді өкілдерінің бірі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Құралай Нұрқаділова алғаш рет әже атанып, немересінің дүниеге келгенін жазған едік.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары