Malim.kz
Қоғам

"Анама Қайрат болса болды": Гүлзира Айдарбекованың кіші ұлы анасына не үшін өкпеледі?

Мадияр Қапанбек
Қайрат Нұртас, Гүлзира Айдарбекова, Жұлдыз Әбдікәрімова. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Продюсер Гүлзира Айдарбекова ұлы Қайрат Нұртасқа көбірек көңіл бөлуі өзге балаларының көңіліне тиген кездер болғанын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Ол бұл туралы Айнұр Асенбердіге берген сұхбатында айтты. Продюсердің сөзінше, кезінде ұлы Заңғар анасының Қайрат Нұртасқа ерекше назар аударатынына ренжіген.

"О баста Заңғар ренжіп жүрді. "Мамама Қайрат болса, болды" дейтін. Сосын оны отырғызып қойып, түсіндірдім. "Ол халықтың адамы. Тауға шығу оңай, бірақ түсу қиын. Абырой жинап, төмен домалап кетсең, қиын. Оны адам көтере алмайды", – дедім. Жұрт "баласын босатпай ма" дегенді айтып жатыр. Бірақ еңбегің бір күнде жоғалып кетпей ме деп те қорқасың. Қадағалайсың", – деді Гүлзира Айдарбекова.

Продюсер Қайрат Нұртастың танымалдығы отбасының басқа мүшелеріне кедергі келтірмейтінін де атап өтті. Оның айтуынша, керісінше, Қайраттың есімі мен беделі бауырларының бастаған істеріне оң әсер етіп келеді.

Еске сала кетейік, Жұлдыз Әбдікәрімова жұбайы Қайрат Нұртастың бірнеше қалада шығармашылық кеш өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді.

Гүлзира Айдарбекова кім?

Гүлзира Айдарбекова – қазақстандық продюсер, кәсіпкер және әнші Қайрат Нұртастың анасы. Ол көпшілікке ұлының шығармашылық жолын қалыптастыруға атсалысқан продюсер ретінде кеңінен танылды.

Ашық деректерге сәйкес, Гүлзира Айдарбекова Түркістан өңірінде көпбалалы отбасында өскен. Мектептен кейін Түркістандағы тоқыма фабрикасында еңбек етіп, кейін Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтында білім алған.

Ол Нұртас Айдарбековпен шаңырақ көтеріп, Қайрат, Аян және Заңғар есімді үш ұл тәрбиелеп өсірді. Қайрат Нұртастың өнерге қадам басқан алғашқы жылдарынан бастап анасы оның шығармашылық жұмыстарына тікелей араласып, продюсерлік міндетті өз мойнына алды.

2008 жылы Қайрат Нұртас пен Гүлзира Айдарбекова Kairat Nurtas Production продюсерлік орталығын құрды. Гүлзира Айдарбекова ұлының концерттерін ұйымдастыруға, шығармашылығын насихаттауға және шоу-бизнестегі имиджін қалыптастыруға атсалысты.

Ол кино саласында да жұмыс істеген. 2013 жылы Қайрат Нұртастың өмірі туралы "Өкініш" фильмінде көрінсе, кейін "Арман" ("Когда ангелы спят") фильмінің продюсерлерінің бірі болды.

2025 жылы Гүлзира Айдарбекова Қайрат Нұртастың продюсерлік тізгінін өзіне беретін уақыт келгенін айтып, бұдан былай оның ресми продюсері болмайтынын мәлімдеді. Дегенмен ұлының шығармашылығына әлі де назар аударып отыратынын жеткізген.

Бүгінде Гүлзира Айдарбекова шоу-бизнес өкілі әрі кәсіпкер ретінде танылып, әлеуметтік желіде отбасы, бала тәрбиесі және жеке өміріне қатысты пікірлерімен де жиі бөліседі.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары