Malim.kz
Әлем

Ақ үй Трамп пен Зеленскийдің кездесуін растады

Арман Қайыпхан
Фото: Ukraine Presidency/Bestimage/IMAG

Ақ үй баспасөз қызметі Дональд Трамптың 28 желтоқсанда Украина президенті Владимир Зеленскийді Флорида штатындағы Палм-Бич курортты қаласында қабылдайтынын растады, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.

Кездесу Украинадағы соғысты аяқтауға арналған бейбітшілік жоспарын талқылауға арналмақ.

Бұған дейін Зеленский Трамппен «жақын арада» кездесіп, соғысты тоқтатудың негізгі шарттарын келісу жөнінде уағдаласқанын айтқан. Ол 26 желтоқсанда Axios онлайн-басылымына берген телефон арқылы сұхбатында кездесуде «соғысты аяқтаудың шеңберлік шарттарын келісуге» үміттенетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, Ресей кемінде 60 күнге атысты тоқтатуға келіскен жағдайда, бейбітшілік жоспарын референдумға шығаруға дайын екенін жеткізді.

Америкалық тарап Зеленскийдің референдум өткізуге дайын болуы және аумақтық ымыраларды енді жоққа шығармауын алға қарай жасалған үлкен қадам деп бағалайды. Axios дерегінше, атын атамаған америкалық шенеунік Ресей референдум өткізу үшін атысты тоқтату қажет екенін түсінетінін, бірақ оның мерзімі қысқарақ болғанын қалайтынын айтқан.

Украина президентінің сөзінше, Мәскеудің Трамп ұсынған 20 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарын қабылдауға дайын екені әзірге белгісіз.

«Менде белгілі бір барлау мәліметтері бар, бірақ қазіргі кезде көшбасшылардың ресми мәлімдемелеріне ғана сенгім келеді», – деді ол.

Зеленский Киев пен Америка Құрама Штаттары арасындағы екіжақты келісімдер бес құжатпен бекітілгенін, оларға алтыншы құжат қосылуы мүмкін екенін атап өтті. Қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты, оның айтуынша, құжаттар негізінен дайын, тек кейбір техникалық мәселелерді талқылау қажет.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары