Malim.kz
Әлем

АҚШ пен Израиль Иранның мұнай-химия нысандарына қайтадан шабуылдады

Айбын Атабай
видеодан скриншот

Иранның Fars ақпарат агенттігі дүйсенбі, 6 сәуір күні хабарлағандай, Ислам Республикасының газ нысандары, соның ішінде Парсы шығанағындағы нысандар Израиль мен АҚШ тарапынан кезекті шабуылға ұшырады. Мәліметтерге сәйкес, Иранның газ өнеркәсібінің орталығы саналатын Ассалуйе өнеркәсіп ауданындағы мұнай өңдеу зауыты маңында бірнеше жарылыс болған.

Осы күні бұған дейін Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац ел армиясы Иранның оңтүстігіндегі Ассалуйе қаласында орналасқан ең ірі мұнай-химия кешеніне қуатты соққы жасағанын мәлімдеді. Кацтың айтуынша, бұл нысан Ислам Республикасындағы мұнай-химия өнімдерінің жалпы көлемінің шамамен 50 пайызына тиесілі.

«Оңтүстік Парсы» кен орнына соққылар

Иранның шетелге арналған Press TV телеарнасының хабарлауынша, Израильдің шабуылына «Оңтүстік Парс» газ кен орнына жақын орналасқан Damavand және Jam ирандық мұнай-химия компанияларының нысандары ұшыраған. Бұл кен орнын Иран мен Катар бірлесіп игеріп жатыр және ол әлемдегі ең ірі белгілі газ кен орны болып саналады. Ол Ислам Республикасындағы газ жеткізілімдерінің жалпы көлемінің шамамен 70 пайызын қамтамасыз етеді.

Бұған дейін Израиль наурыз айының ортасында да «Оңтүстік Парс» газ кен орнына соққы жасаған болатын.

Al Jazeera телеарнасы 4 сәуірде Израиль мен АҚШ әскери-әуе күштерінің Хузестан провинциясындағы Махшехр қаласындағы арнайы мұнай-химия өнеркәсібі аймағына да соққы бергенін хабарлады. AFP агенттігінің аты-жөні аталмаған ирандық шенеунікке сілтеме жасап хабарлауынша, сол шабуыл салдарынан бес адам қаза тапқан.

«Қазіргі уақытта Иранның мұнай-химия өнімдері экспортының шамамен 85 пайызына тиесілі екі нысан істен шығарылып, жұмыс істемей тұр», – деп атап өтті Исраэль Кац 6 сәуірде.

Сонымен қатар, Reuters агенттігі 6 сәуірде Иранның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап, сол күні АҚШ пен Израиль Иранның Фарс провинциясындағы Мервдешт қаласындағы мұнай-химия кешеніне де шабуыл жасағанын хабарлады. Иранның мемлекеттік БАҚ-тары жергілікті билік өкілдерінің мәлімдемелерін келтіріп, шабуыл салдарынан шыққан өрттің ауыздықталғанын және айтарлықтай зиян туралы мәлімет жоқ екенін жеткізді.

Бұған дейін Израиль мен АҚШ соққысынан Иранның барлау қызметі басшысы Маджид Хадеми қаза тапқанын жазған едік. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары