Malim.kz
Әлем

АҚШ-қа Гренландия қажет — Трамп

Арман Қайыпхан
Фото: x.com/whitehouse

АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла Америка Құрама Штаттарының араласуына ұшыраған соңғы ел болмауы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Ол бұл туралы The Atlantic журналына берген телефон арқылы сұхбатында айтты.

«Бізге Гренландия шынымен қажет, бұл – даусыз», — деді Трамп.

Оның айтуынша, Данияның құрамына кіретін әрі НАТО-ның одақтасы саналатын аралды «ресейлік және қытайлық кемелер қоршап тұр».

Еске сала кетейік, бір күн бұрын Ақ үй әкімшілігі басшысының орынбасары Стивен Миллердің жұбайы Кэти Миллер X әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter) Гренландия АҚШ туының түстерімен боялған картасын жариялаған еді. Ол жазбасына «Жақында» деген жазу қоса кеткен.

АҚШ-тың Венесуэладағы операциясы аясында жарияланған бұл жазба қоғамда екіұшты реакция тудырды.

Атап айтқанда, оған Данияның АҚШ-тағы елшісі Йеспер Мёллер Сёренсен жауап қатты.

Дипломат АҚШ-пен одақтастық қарым-қатынасты еске сала отырып, Дания Корольдігі өзінің аумақтық тұтастығына «толық құрмет көрсетілуін» күтетінін мәлімдеді.

Бұған дейін АҚШ президенті Гренландияны аннексиялау ниеті бар екенін бірнеше рет айтқан. 2024 жылғы желтоқсанда ол Truth Social әлеуметтік желісінде «Гренландияға иелік ету мен оны бақылау ұлттық қауіпсіздік үшін абсолютті қажеттілік» деп жазды.

Бір жыл бұрын АҚШ-тағы республикашылдар парламентке Гренландияны сатып алу туралы заң жобасын ұсынған болатын.

Ал өткен жылдың желтоқсанында Трамп Луизиана штатының губернаторы Джефф Лэндриді АҚШ-тың Гренландия жөніндегі арнайы өкілі етіп тағайындады. Ол бұл қызметті «Гренландияның АҚШ-қа қосылуы ісіне қызмет ету» деп атап, өзіне үлкен мәртебе санайтынын айтқан.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары