Malim.kz
Қоғам

АҚШ-та ересектердің 40 пайызы бірде-бір кітап оқымаған

Сабина Асқарқызы
aa.com.tr

Әлемде цифрлық медианың кең таралуы, экономикалық қысымның күшеюі және бос уақыттың азаюы оқуға деген қызығушылықтың төмендеуіне әкеліп отыр. Бұл үрдіс әсіресе АҚШ-та анық байқалады. Зерттеулерге сәйкес, соңғы жылдары кітап оқитындардың үлесі айтарлықтай азайған, деп хабарлайды Malim.kz.

ЮНЕСКО жыл сайын 23 сәуірде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнін атап өтеді. Бұл күн кітаптың ұрпақтар мен мәдениеттер арасындағы маңызды байланыс құралы екенін дәріптеуге арналған. Сонымен қатар, бұл дата әлем әдебиетінің алыптары Уильям Шекспир мен Мигель де Сервантес қайтыс болған күнмен сәйкес келеді.

Флорида университеті мен Лондон университеттік колледжі жүргізген зерттеуге сәйкес, соңғы 20 жылда адамдардың күнделікті өз еркімен кітап оқу деңгейі 40%-дан астам төмендеген. Әсіресе бұл құбылыс табысы төмен азаматтар, ауыл тұрғындары және кейбір әлеуметтік топтар арасында жиі байқалады.

Сонымен қатар, YouGov компаниясының «Америкалықтардың оқу дағдылары – 2025» атты зерттеуіне сәйкес, АҚШ-та ересектердің 40%-ы бір жыл ішінде бірде-бір кітап оқымаған. Ал 19%-ы ғана 10 немесе одан көп кітап оқығанын айтқан. Оқырмандардың 46%-ы қағаз кітапты таңдаса, 24%-ы электронды кітаптарды, 23%-ы аудиокітаптарды пайдаланады. Ең танымал жанр – детектив және криминалдық әдебиет.

Балалар мен жасөспірімдер арасында да оқу деңгейі төмендеп барады. Ұлттық сауаттылық қорының дерегінше, 8–18 жас аралығындағы балалардың тек 32,7%-ы ғана кітап оқудан ләззат алады. Ал күнделікті кітап оқитындардың үлесі небәрі 18,7%-ды құрайды. Сарапшылар бұл жағдайды цифрлық контенттің көбеюі, уақыт тапшылығы және кітаптарға қолжетімділіктің тең болмауымен байланыстырады.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары