Malim.kz
Әлем

АҚШ заңсыз мигранттарды депортациялау үшін жеке әуе тобын құрмақ

Арман Қайыпхан
Фото: pixabay

АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі заңсыз мигранттарды депортациялау, шетел азаматтарының өз еркімен отанына оралуын ұйымдастыру, медициналық эвакуация және төтенше тапсырмаларды орындау үшін мемлекеттік әуе тобын құруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, ведомство әуе паркін басқаратын, экипаждармен, техникалық қызмет көрсетумен, медициналық мамандармен қамтамасыз ететін әрі тәулік бойы жұмыс істейтін мердігерді іздеуде.

Жоба талаптарына сәйкес, әуе тобы құрамында жеті Boeing 737-700 немесе соған ұқсас ұшақ және екі алыс қашықтыққа ұшатын Gulfstream G650ER/C-37B бизнес-джеті болуы тиіс.

Қазіргі уақытта АҚШ-тың Иммиграция және кедендік бақылау қызметі (ICE) негізінен жеке әуе компанияларының чартерлік рейстерін пайдаланады. Жаңа құрылым іске қосылған жағдайда, ішкі және халықаралық рейстерді үшінші тарап тасымалдаушыларының көмегінсіз орындауға мүмкіндік туады.

Ішкі қауіпсіздік министрлігінің мәліметінше, жеке әуе паркі депортация рәсімдерін жеделдетіп, федералдық бюджетке жыл сайын шамамен 279 миллион доллар үнемдеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ АҚШ билігі жаңа әуе тобының орналасу нұсқаларын қарастыруда. Оның ішінде бір орталық базаны пайдалану немесе ірі коммерциялық әуе компаниялары сияқты бірнеше әуежайдан тұратын желі құру мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ішкі қауіпсіздік министрлігінің иммиграциялық қызметтерін қаржыландыруға 70 миллиард доллар бөлуді көздейтін заңға қол қойған болатын.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары