Malim.kz
Қоғам

"Ақшаны күйеуім ұстайды": Гүлнұр Оразымбетова отбасындағы тәртіп туралы айтты

Мадияр Қапанбек
Гүлнұр Оразымбетова күйеуімен. Фото: ашық дереккөзден (Фото ЖИ арқылы өңделді)

Әнші Гүлнұр Оразымбетова отбасындағы қарым-қатынас, қаржы мен бала тәрбиесіне қатысты ұстанымдары туралы айтып, жұбайының мінезін сипаттады, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесінің сөзінше, үйдегі маңызды мәселелер бойынша соңғы шешімді жолдасы қабылдайды. Ал ерлі-зайыптылар арасында түсініспеушілік туындаса, бірінші болып сөйлесуге өзі қадам жасайтынын жеткізді.

Сондай-ақ әнші жұбайының қаржыға ұқыпты екенін және бала тәрбиесіне келгенде талапшылдық танытатынын айтты.

"Үйде соңғы сөзді жолдасым айтады. Ренжіскенде бірінші болып мен сөйлесемін. Отбасында ақшаны жақсы ұстайды. Бала тәрбиесінде қатал. Күйеуім маған көп комплимент айтады, "менің жұлдызымсың" дейді", – деді Гүлнұр Оразымбетова.

Әншінің айтуынша, олардың отбасында дастарқан басында телефон қолданбау да қалыптасқан әдеттердің бірі.

"Ас ішкенде телефонсыз отырамыз. Бақытты отбасының құпиясы – әке мен шешенің бір-біріне деген махаббатының нәтижесі", – деді ол.

Гүлнұр Оразымбетова отбасындағы сыйластық пен ерлі-зайыптылар арасындағы махаббат бала тәрбиесіне де тікелей әсер ететінін атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Өктем Алтаев екінші қызы Аружанды ұзатып, отбасында үлкен той өткізген.

Гүлнұр Оразымбетова кім?

Гүлнұр Оразымбетова – қазақ эстрадасының танымал әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1977 жылғы 8 мамырда Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Қаратерең ауылында дүниеге келген. Өнер иесі жоғары білімін Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетте алған. Сондай-ақ Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыка факультетін тәмамдаған.

Гүлнұр Оразымбетова көпшілікке өзіндік орындау мәнерімен және лирикалық әндерімен кеңінен танылды. Оның кәсіби өнердегі маңызды жетістіктерінің бірі – 2000 жылы "Жас қанат" байқауында жеңімпаз атануы. Бұл жеңіс әншінің үлкен сахнадағы танымалдығын арттырды. Ол "Азия дауысы" халықаралық фестивалі аясындағы "Қазақстанның жаңа әндері" байқауында үшінші орын иеленген. Сондай-ақ Болгарияда өткен халықаралық музыкалық фестивальде үшінші орынға қол жеткізген.

Гүлнұр Оразымбетова Қазақстан Жастар одағының "Серпер" сыйлығына ие болған. Кейін оған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Әншінің репертуарында махаббат, сағыныш, отбасы мен өмір тақырыбындағы туындылар көп. Оның орындауындағы "Сүйемін құлай", "Сағыныш", "Бірге болайық" секілді әндер тыңдарманға жақсы таныс. Өнер иесі бірнеше рет жеке концерт өткізіп, шығармашылық бағдарламаларын көрерменге ұсынған.

2015 жылы Астанадағы "Қазақстан" орталық концерт залында жеке концертін өткізген. Бұған дейін әнші "Арманым-ай" атты жеке ән жинағын да шығаруға дайындалғанын айтқан. Гүлнұр Оразымбетова шығармашылығымен қатар жеке өмірі мен отбасы жайлы сұхбаттарында да ашық пікір білдіріп келеді. Ол отбасында екі ұл тәрбиелеп отырғанын бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде айтқан. Әнші бүгінде де сахнадан қол үзбей, шығармашылық жұмысын жалғастырып келеді. Гүлнұр Оразымбетова ұзақ жылдық өнер жолымен қазақ эстрадасында өзіндік орны қалыптасқан әншілердің бірі.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары