Танымал әнші Өктем Алтаев екінші қызы Аружанды ұзатып, отбасында үлкен той өткізді, деп хабарлайды Malim.kz.
Қуанышты кешке қазақ эстрадасының бірқатар танымал өкілі қатысқан. Қонақтар арасында Сәкен Майғазиев, Гүлзира Айдарбекова мен Нұртас Айдарбеков те болған.
Аружанды ақ жол тілеп ұзату рәсімін Гүлзира Айдарбекова өткізген. Өктем Алтаевтың ұлы Бағжан Октябрь екі отбасының бұрыннан жақын араласатынын айтты.
"Гүлзира әпке папамның жалғыз қыз досы. 20 жыл достық. Бұрын Қайрат Нұртас аға студент кезде үйге келетін, мені сабақтан алып кеткен кездері де болды", – деп жазды Бағжан Октябрь.
Бағжан қарындасын ұзату кезінде көңілі босап, қимастықтан жылап қалғанын да жасырмады.
Белгілі болғандай, Аружан Тараз қаласының тумасына тұрмысқа шыққан. Күйеужігіттің өзі де өнер саласына жақын – композитор әрі домбырашы.
Еске сала кетейік, бұған дейін әнші Сәкен Майғазиев ел асыға күткен қуанышты жайтты жеткізген еді.
Өктем Алтаев кім?
Өктем Алтаев – қазақ эстрадасына 1990-жылдары кеңінен танылған әнші әрі композитор. Ол көпшілікке той әндері мен халық арасында хитке айналған шығармалары арқылы белгілі. Өнер иесі кезінде отбасымен бірге "Алтаевтар ансамблі" құрамында да өнер көрсеткен.
Өктем Алтаевтың орындауындағы "Ақсәулем" әні 1990-жылдары ерекше танымалдыққа ие болды. Сонымен қатар ол "Арақ бетің құрысын" әнінің әуенін жазып, 1994 жылы өңдеп жарыққа шығарғанын айтқан. Бұл туынды көпшілік арасында "Қу, арақ!" атауымен де белгілі.
Әнші шығармашылығында той мәдениеті мен қазақ эстрадасының дамуына өзіндік үлес қосқанын айтады. Оның сөзінше, қазіргі «той әні» жанрының қалыптасуына атсалысқан өнерпаздардың бірі – өзі.
Өктем Алтаевтың балалары да өнер жолын таңдаған. Ұлы Бағжан Октябрь – кәсіби виолончельші, 2025 жылы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығына ие болды. Ал қызы Аружан Алтаева – музыкалық білім алған композитор әрі әнші.
Өктем Алтаев бүгінде әнші, сазгер әрі өнерлі әулеттің өкілі ретінде көпшілікке танымал. 2025 жылы Қазақстан Ұлттық арнасының "Таңшолпан" бағдарламасында да оның әнші әрі композитор ретіндегі шығармашылық жолы таныстырылған.