Malim.kz
Қоғам

"Әртістер құтырған, әбден тойынған": Мейрамбек Бесбаев ел естімеген шындықты айтты

• Мадияр Қапанбек
Мейрамбек Бесбаев. Фото: ашық дереккөзден

Белгілі әнші, "МузАРТ" тобының мүшесі Мейрамбек Бесбаев 50 жас мерейтойында домбырасының 15 миллион теңгеге сатылуына қатысты пікір білдірді. Өнер иесі аукционның мақсаты ақша табу емес, ұлттық аспаптың қадірін арттыру болғанын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Жақында Мейрамбек Бесбаев 50 жас мерейтойына орай жеке концертін өткізіп, кейін өнердегі әріптестері мен жақындарының басын қосып, дүбірлі той жасаған болатын.

Мерекелік кеш барысында әншінің белгілі өнер адамдары мен танымал тұлғалардың қолтаңбалары қойылған домбырасы аукционға шығарылды. Қонақтар арасында өткен бәссаудада аспаптың бағасы 15 миллион теңгеге дейін көтерілді. Алайда бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып, кейбір қолданушылар әншінің домбырасын қымбатқа сатқанын сынаған.

Осыған байланысты Мейрамбек Бесбаев көпшілікке түсініктеме беріп, аукционның қандай мақсатпен ұйымдастырылғанын айтып берді.

"Қазақтар қосқанды жақсы көреміз ғой. "Бұл әртістер құтырған, әбден тойынған" деп. Жігіттер домбыраның қадірін көтергісі келді. Әйтпесе, сол ақшадан ақша алады дейсіңдер ме немесе домбыраны сатып, ақшасына мейрамхананың шығынын жауып алады дейсіңдер ме? Ондай жоқ. Негізі, шынымен де бере алатын мәрт жігіттер ғой. Тек қызық болсын, есте қалсын деп, домбыраның қадірін көтергісі келді", – деді әнші.

Өнер иесінің айтуынша, достары бұл бастаманы мерейтойды ерекше өткізіп, көпшілікке есте қаларлық әсер сыйлау үшін қолға алған.

Мейрамбек Бесбаев домбыраны саудалау арқылы той шығындарын өтеу немесе одан пайда табу көзделмегенін атап өтті. Сонымен қатар ол сол кеште екі домбыра болғанын айтып, Айжан есімді келінінің ұлттық аспапқа деген құрметіне ерекше тоқталды.

"Екі домбыра еді. Келініміз Айжан "Маған айфон керек емес, ұлылардың қолы қойылған домбыра керек" деп, оның қадірін одан сайын көтерді. Аман болыңыздар. Бәріңізге осы жігіттердің жолы жұғысты болсын", – деді Мейрамбек Бесбаев.

Еске салайық, әншінің 50 жас мерейтойында ұйымдастырылған аукционға қазақ эстрадасының танымал өкілдері қатысқан.

Бәссауда кезінде алғашқылардың бірі болып ақын Ақберен Елгезек домбыраға 4 миллион 400 мың теңге ұсынды. Кейін аспапты сатып алуға ниетті қонақтар көбейіп, оның бағасы біртіндеп өсе бастады. Әнші Тоқтар Серіков домбыра үшін 10 миллион теңге беруге дайын екенін мәлімдеді. Алайда сауда мұнымен аяқталған жоқ. Кейін өнер иесі Заттыбек Көпбосынұлы 15 миллион теңге ұсынып, аукционда жеңіске жетті.

Мейрамбек Бесбаев кім?

Мейрамбек Әбіләшімұлы Бесбаев – қазақ эстрадасының танымал әншісі, термеші, "МузАРТ" тобының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Ол 1976 жылы 7 қарашада Жамбыл облысының Талас ауданында дүниеге келген.

Мейрамбек Бесбаев өнерге бала кезінен жақын болып өсті. Оның әншілік қабілеті ерте байқалып, танымал композитор Алтынбек Қоразбаевтың "Бозторғай" әнін орындауы арқылы көпшілікке таныла бастады.

Болашақ әнші алғашқы музыкалық білімін Тараз қаласындағы музыка мектебінің қобыз сыныбында алған. Кейін Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектепте білімін жалғастырып, кәсіби өнерге қадам басты.

2001 жылы Мейрамбек Бесбаев Сәкен Майғазиев және Мақсат Базарбаевпен бірге құрылған "МузАРТ" тобының алғашқы құрамына енді. Бұл ұжым аз уақыт ішінде қазақ эстрадасындағы танымал топтардың біріне айналды.

"МузАРТ" құрамында орындаған әндері арқылы Мейрамбек Бесбаевтың танымалдығы арта түсті. Сонымен қатар ол жеке шығармашылығын дамытып, халық әндері мен терме-толғауларды орындау арқылы тыңдарманның ықыласына бөленді.

Әншіліктен бөлек, Мейрамбек Бесбаев актерлік қырынан да көрінді. Ол "Қоштасқым келмейді" көркем фильмінде Нұрсейттің рөлін сомдаған.

Өнердегі еңбегі үшін әнші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болып, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығымен марапатталған.

Мейрамбек Бесбаевтың шығармашылық ерекшелігі – дәстүрлі қазақ ән өнері мен заманауи эстрадалық бағытты ұштастыра білуінде. Оның орындауындағы лирикалық әндер мен термелер бірнеше буын тыңдарманның сүйікті шығармаларына айналған.

2026 жылғы 7 қарашада әнші 50 жасқа толды. Осы мерейтойына орай ол жеке концертін өткізіп, кейін өнердегі әріптестері мен жақындарының қатысуымен үлкен той ұйымдастырды.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары