Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм Асанәлі Әшімовтің соңғы шәкірттері туралы әсерлі жазба жариялады,, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның жазуынша, төрт жыл бойы Асанәлі Әшімовтен білім алып, тәлім көрген жастар академияны тәмамдап, үлкен өмірге қадам басты. Ұстазынан алған өнері мен өнегесі олардың алдағы шығармашылық жолына берік негіз болмақ.
Бағдат Әшімова Асанәлі Әшімовтің өзі өмірден өтсе де, оның шәкірттерін қара шаңыраққа шақырып, қазақы дәстүрмен ақ бата беруді жөн көргенін айтты.
"Асекеңнің соңғы курсы. Төрт жыл бойы Асекеңнен тәлім алған жастар академияны тәмамдап, арман қуып үлкен өмірге қанат қақты. Асекеңнің өзі арамызда болмаса да, оның қара шаңырағының батасын алып, өмір мен өнер жолына аттандыруды жөн санадым", – деп жазды ол.
Сондай-ақ Бағдат Әшімова түлектерге ақ жол тілеп, қара шаңырақтан алған батаның әр шәкірттің өнердегі қадамын нықтай түсуіне тілектестік білдірді.
"Сондықтан түлектерді қазақы дәстүрмен Асекеңнің қара шаңырағына шақырдым. Қара шаңырақтан алған ақ бата әр шәкірттің жолын ашып, өнердегі қадамын нық етсін", – деді ол.
Желі қолданушылары жазба астында түлектерге сәттілік тілеп, марқұм ұстаздың еңбегі шәкірттері арқылы жалғаса беретінін жазды.
Еске сала кетейік, Асанәлі Әшімов 2025 жылдың 21 желтоқсанында 88 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Сондай-ақ Асанәлі Әшімовтің жұбайы Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында актердің күнделік кітабына қатысты жазба жариялаған еді.
Асанәлі Әшімов – қазақ сахнасы мен киносының аңызы
Асанәлі Әшімов – қазақ киносы мен театр өнерінің дамуына зор үлес қосқан көрнекті актер, режиссер, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі. Ол 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында дүниеге келген.
Болашақ өнер иесі 1956-1961 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетінде актер мамандығы бойынша білім алды. Кейін шығармашылық жолын "Қазақфильм" киностудиясында бастап, ұлттық кино өнерінің қалыптасуы мен дамуына белсенді араласты.
Асанәлі Әшімовтің есімі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрымен де тығыз байланысты. Ол 1963 жылдан бастап осы театрда актер әрі режиссер ретінде ұзақ жыл еңбек етіп, қазақ сахнасының тарихында қалған талай бейнені сомдады.
Өнер майталманы театр мен кинодағы рөлдері арқылы көрерменнің жүрегінен орын алды. Оның әр кейіпкері шынайылығымен, ішкі тереңдігімен және жоғары кәсіби шеберлігімен ерекшеленді. Сондықтан халық оны қазақ өнерінің абызы деп құрметтейді.
Асанәлі Әшімов шығармашылық жолында көптеген мемлекеттік және халықаралық марапатқа ие болды. 1973 жылы "Атаманның ақыры" фильміндегі рөлі үшін Күләш Байсейітова атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. 1974 жылы театр өнеріне қосқан еңбегі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.
1978 жылы оған Қазақ КСР халық әртісі атағы берілді. Ал 1980 жылы КСРО халық әртісі атанды. 2000 жылы "Тарлан" тәуелсіз сыйлығының лауреаты болды. Кейін "Отан" және "Құрмет" ордендерімен марапатталды.
Сонымен қатар Асанәлі Әшімов Жамбыл облысының құрметті азаматы атанған. 2003 жылы "Қазақы оқиға" фильміндегі рөлі үшін "Шәкен жұлдыздары" кинофестивалінің лауреаты болды. 2007 жылы әлемдік кино өнеріне қосқан үлесі үшін ЮНЕСКО Халықаралық академиясының "Алтын қыран" орденімен марапатталды.
Бүгінде Асанәлі Әшімовтің есімі қазақ өнері тарихында актерлік шеберліктің, биік талғамның және өнерге адалдықтың символы ретінде бағаланады. Оның сахна мен экранда жасаған еңбегі бірнеше буын көрерменнің жадында сақталып, ұлттық мәдениеттің алтын қорына айналды.