Нөсер жауып, шаһар көшелерін су алуына байланысты елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл жөнінде Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
— Нөсер жауынға байланысты елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қаланың нөсер кәріз жүйесі мен тазарту құрылыстары жауын-шашынның көп мөлшерін қабылдап, қалыпты жұмыс істеп тұр. Жекелеген учаскелерде уақытша су жиналу жағдайлары тіркеліп отыр. Жауын-шашын бір мезетте көп мөлшерде жауған кезде нөсер кәріз жүйесі жиналған суды орта есеппен 40 минуттан 1 сағатқа дейінгі аралықта толық қабылдайды, — делінген әкімдік хабарламасында.
Сонымен қатар коммуналдық қызметтер тұрақты түрде кәріз коллекторлары мен жаңбыр суын қабылдау құдықтарын тазалау, құбырларды бумен шаю, нөсер кәріз жүйелері мен тазарту құрылыстарын салу және басқа да жұмыстарды үздіксіз жүргізіп келеді.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада нөсер жаңбыр мен бұршақ жауып, бірқатар көшені су басып қалғанын жазған едік.