Malim.kz
Қоғам

Атыраудағы қанды қылмыс: Күдіктілердің бірнеше суреті жарияланды

Арман Қайыпхан
Фото: news.fin.co.id

Атырау облысында тіркелген қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктінің ұсталу сәті түсірілген видео және фото жарияланды. Бұл туралы индонезиялық Fin NEWS басылымы жазды., деп хабарлайды Malim.kz.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі аталған іс бойынша күдіктінің Индонезияда қолға түскенін мәлімдеген еді.

Ведомствоның хабарлауынша, қазақстандық полицейлер шетелдік әріптестерімен бірлескен жұмыс нәтижесінде Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген ер адамды ұстаған.

Сонымен қатар, онымен бірге халықаралық іздеуде болған бұрынғы жұбайы да анықталған.

Күдікті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылып отыр.

Тергеу мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы қарашада Атырау облысында ол ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниетке байланысты екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, іске асырған.

Қылмыстан кейін ізін жасыру үшін мәйіттерді шаруашылық нысанының астына көміп, қан іздерін жойған және жәбірленушілердің мүлкі мен қаражатын иемденген.

Индонезия полициясы күдіктінің ұсталу сәтінен фотосурет таратты. Солтүстік Ломбок полициясының басшысы Агус Пурванта операцияның халықаралық құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастық аясында, заң талаптарына сай жүргізілгенін растаған.

Оның айтуынша, қазақстандық күдікті оқиға орнынан кетуге әрекеттенгенімен, тәртіп сақшылары оны дер кезінде ұстаған.

Қазір күдіктілерді Қазақстанға депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысының Жангелдин ауылында ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы бар отбасы хабар-ошарсыз кеткені туралы ақпарат тараған еді. Ал 6 қаңтарда үй жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылғаны белгілі болды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары