Қазақстанның төрт облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңыздағы автожолдарда қозғалыс уақытша шектелді, деп хабарлайды Malim.kz «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.
15:00-ден бастап Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысы шектелді.
Батыс Қазақстан облысында шектеу Ақтөбе – Орал – Ресей Федерациясының шекарасы автожолының 393–526 шақырым аралығында (Жымпиты кенті – Ақтөбе облысының шекарасы) енгізілді.
Ақтөбе облысында осы бағыттағы жолдың 526–702 шақырымында (Батыс Қазақстан облысының шекарасы – Маржанбұлақ ауылы) қозғалыс тоқтатылды. Бұл учаскелерде жолды ашу 9 ақпан күні сағат 00:00-де жоспарланған.
16:30-дан бастап Алматы және Жамбыл облыстарында жүк көліктеріне шектеу енгізілді.
Алматы облысында Ресей шекарасы – Мартук – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы бағытындағы автожолдың 59–143 шақырымында («Қордай асуының жаңа айналма жолы», Жаңақұрылыс ауылы – Жамбыл облысының шекарасы) қозғалыс шектелді.
Жамбыл облысында аталған жолдың 143–214 шақырым аралығы (Алматы облысының шекарасы – Қордай ауылы) жабылды. Қозғалысты қалпына келтіру 9 ақпан күні сағат 02:00-де күтілуде.
17:45-тен бастап Ақтөбе облысында Ресей шекарасы – Мартук – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы автожолының 0–77 шақырымында (Жайсан өткізу бекеті – «ЭКО ойл» жанармай құю станциясы) жүк және қоғамдық көліктер үшін қозғалыс шектелді. Жолды ашудың болжамды уақыты — 9 ақпан, сағат 09:00.
18:30-дан бастап Алматы және Жамбыл облыстарында «Қордай асуының жаңа айналма жолы» учаскесінде барлық көлік түрлері үшін қозғалыс уақытша тоқтатылды. Бұл шектеулер де 9 ақпан күні сағат 02:00-де алынуы мүмкін.