Шығыс Қазақстан облысының бақандай бес ауданы (Тарбағатай, Зайсан, Үржар, Катонқарағай, Күршім) Қытаймен шектесетінін ескерсек, жергілікті атқарушы биліктің бұл аймақтардың халқына сергек қарауға тиістігі белгілі. Өйткені, 1997 жылы жүргізілген оңтайландыру саясатының салдарынан шекараға жақын орналасқан бұрынғы аудан орталықтары таратылғаны сол өңір тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінің жылдан жылға төмендеуіне әкеп соқты. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде ауылдардан халықтың үдере көшіп, басы ауған жаққа қоныс аударғаны алаңдатарлық күйге жеткізіп отыр. Солардың қатарында Үржар ауданының құрамына өткен Мақаншы өңірінің ауылдары да бар.
Осыған орай, Malim kz тілшісіне хабарласқан жергілікті ақсақалдар Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА тікелей хат жолдаудан басқа амалы қалмағанын айтты. Өйткені, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВКЕ бірнеше рет хат жолдап, келген жауабына қанағаттанбайтыны өз алдына, берген уәдесінде тұра алмайтындығына наразы. Алдымен, мақаншылық ақсақалдардың 2020 жылдың 11 қарашасы күні Даниал Кенжетайұлына жолдаған өтініш-хатына әкімнің өзі емес, оның бірінші орынбасары Алмасхан СМАТЛАЕВТЫҢ жауап жолдағанын айта кетейік. Атқарушы биліктің мұндай өзім білермендік әрекетіне шамданған ел ағалары былтырғы 20 қазанда Мақаншы полиция бөлімшесінде жазықсыз қазаға ұшыраған қаратұмалық Азамат ОРАЗАЛАНЫҢ оқиғасына орай әкімнің жергілікті жастармен және ардагерлер кеңесі мүшелерімен кездескенін, сол кезде аудан құру жайына қатысты «қатты ойланатынын» бірнеше рет қайталағанын есіне түсіре келіп, Сматлаевтың жолдаған жауабы сол кезде айтылған мәселелерге толық жауап бере алмайтындығын мәлімдеп қайыра хат жолдапты (29.12.2020 ж).
Ең қызығы, А. Сматлаев ауданды қалпына келтіру үшін 12 млрд. теңге қаражат қажет болғандықтан, бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз екендігін мәлімдепті. Ақсақалдардың айтуынша, Мақаншы ауылында көптеген мемлекеттік құрылымдар қалыпты жұмыс істеп тұрғандықтан және бос ғимараттарды қайыра пайдалануға болатындықтан, мұндай қыруар қаржыны бөлудің ешқандай қажеті жоқ. Хош, сонымен, өңірдің 30 мыңнан астам халқының атынан 7 ақсақал қол қойған хатқа 2021 жылдың 12 қаңтарында Даниал Ахметов өзі қол қойып, қайта жауап жолдапты. «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» барына үміттеніп жүрген мақаншылық қоғамдық кеңес мүшелері Ахметовтен келген жауапты оқығанда, тағы да жігері құм болып тағаты таусылды.
Ахметовтің айтуынша да, әкімшілік ғимаратын салу, күрделі жөндеу жүргізу, мемлекеттік органдардың штат санын ұстау сияқты шығындарға 12 млрд қажет екен. Сондықтан, бюджеттен ондай қажеттіліктерге бола, ақша шашу орынсыз саналады. Облыс әкімі, тіпті, президент Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бюджет шығыстарын қысқартуға да назар аударылғанын, мемлекеттік қызметшілерді 25 пайызға дейін азайту көзделгенін де көлденең тартуды ұмытпапты.
Алайда, Ахметовтің бұл уәжімен мақаншылық ақсақалдар мүлдем келіспейді. Қытаймен шекараға тым жақын жатқан ауылдардағы отбасылар саны азайып бара жатқаны үлкен қауіп төндіріп тұрғанда, өңір басшысының айтқанына бас шұлғып қоя салуға болмайды. Олар сол себептен президент Қ. Тоқаевтың атына хат жолдауына тура келді. Ондағы мына бір үзіндіден-ақ көпті алаңдатқан жағдайдың қандай сипат алғанын көруге болады:
«...Жасыратыны жоқ соңғы 7-8 жылда көрші Қытай мемлекетінде шекара маңына қоныстанған жаңа ауылдар, кенттер, қыстақтар, қалалар көптеп пайда бола бастады. Ішкі Қытайдан келіп қоныстанушылардың есебінен шекаралық аудан орталықтарының халқы да еселеп көбеюде. Ал біздің елде керісінше шекаралық аймақтың өңірлері ашық, адамдар жоқ. Бұл қауіп емес пе? Шығыс Қазақстан облысындағы шекара бойында орналасқан Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Марқакөл аудандарының тұрғындарының да қауіпі осы. Иесіз бос жатқан жердің ертең жау шақыратын нысанаға айналуы әбден мүмкін. Бекеттердің (заставалардың) материалдық базасы да төмен.
Міне, Тәуелсіздік алып, шекарамызды шегендеп алғанымызға 30 жыл болса да, Үржар ауданындағы «Шағантоғай» бекеті (заставасы) бүгінге дейін дизельмен жарықтанып отыр. Бұл масқара емей немене?» деп күйінеді Төлеген ЖИРЕНТАЕВ, Жұмағазы ЖАҚАНБАЕВ, Әбен РАЗУЕВ бастаған ақсақалдар.
Malim kz редакциясына хабарласқан ақсақалдардың шақыруын құп алып, Қытаймен «қойындасып» жатқан Ақшоқы ауылы мен оған қарасты Саз (Подгорный) елдімекендеріне барып, тұрғындарымен тілдескен едік. Кезінде 50-60 үйге дейін қоныстанып, Тарбағатай тауының баурайында тіршілік көркін қыздырған Сазда қазіргі күні мал ұстап, жан баққан бес-алты отбасы ғана қалыпты. Ұялы байланыс ұстамайды, интернет туралы ойламай-ақ қойса да болады.
Бейбіттің сөзін Назархан ЛАСТАЕВ та қостады.
Тау бөктеріндегі Саздан түсіп, Ақшоқыға оралғанымызда есік-терезесі бүтін қалпында тұрғанымен, иелері көшіп кеткен үйлердің баршылық екенін байқадық.
Жалпы, өз алдына аудан болу қажеттігін болып-толғандықтан емес, Қытаймен шекаралас жерлердің бос қала бастауына байланысты көтеріп отырған мақаншылықтардың мұң-зарын әлі де айтуға артығымен жетеді. Алайда, «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» жергілікті басшылығынан қайыр жоқ. Амалсыз, Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдауға кірсуден өзге жол қалмаған жайы бар. Дәл осындай мәселе Шығыс Қазақстан облысының Ақжар, Күршім ауданының Марқакөл өңіріндегі ауылдарда да қалыптасып отыр. Алдағы уақытта сатылап оларды да баяндайтын боламыз.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Фотолар автордікі.