Malim.kz
Қоғам

"Бала болса, қуанамын": Айгүл Иманбаева ел естімеген құпия сырын ашып айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден. Суретте: Айгүл Иманбаева мен жолдасы

Әнші Айгүл Иманбаева екінші некесінде балалы болу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Әңгіме барысында жүргізуші продюсер Баян Мақсатқызының суррогат ананың көмегімен сәби сүйгенін мысалға келтіріп, әншіден осы тақырыпқа көзқарасын сұрады. Айгүл Иманбаеваның айтуынша, ана атану туралы ойы мүлде жоқ емес. Дегенмен ол бұл мәселені тағдырдың еншісіндегі дүние деп қабылдайтынын жеткізді.

Өнер иесі күйеуінің бала тақырыбына қатысты көзқарасы сабырлы екенін де жасырмады. Оның сөзінше, жұбайы үшін ең бастысы – екеуінің бірге, тату өмір сүруі.

"Баян маған "әлі жүрсің бе" деп ұрысады. Менде жоспар бар. Енді күйеуімнің менталитеті, көзқарасы мүлдем басқа. Ол үшін екеуміз бірге болсақ болды. Үйленген соң "бала, бала" деп жанталасып жүрген ол жоқ. "Бала болса, қуанамын. Болмаса, екеуміздің өміріміз баласыз да әдемі, жақсы ғой" дейді. Бәрі Жарақтанның қолында. Беріп жатса, ол да, мен де қуанатынымыз анық. Егер болмаса, біздің кейбір жігіттеріміз сияқты байбаламға салмайтыны анық", – деді Айгүл Иманбаева.

Бұған дейін Айгүл Иманбаева әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты жаңалығын бөлісіп, көпшіліктен сүйінші сұраған еді.

Айгүл Иманбаева туралы

Айгүл Серікқұлқызы Иманбаева – қазақ эстрадасының танымал әншісі әрі театр мен кино саласында өзіндік орны бар актриса. Ол 1977 жылы 15 наурызда Жамбыл облысы Қордай ауданы Кенен ауылында дүниеге келген.

Балалық шағы өнерге жақын ортада өтіп, мектеп кезінен бастап музыкаға ерекше қызығушылық танытқан. Айгүл Иманбаева жас кезінен баян аспабын меңгеріп, шығармашылық жолға ерте қадам басты.

1994-1998 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алып, кәсіби өнер саласына дайындалды. 1998 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы колледжде ұстаздық қызмет атқарып, жас өнерпаздарға тәлім берді. Сол жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық театрда актриса болып жұмыс істеп, сахналық шеберлігін шыңдады. Театрда ол "Қыз Жібек", "Пай, пай, жас жұбайлар-ай", "Таланған тағдыр", "Алма бағы", "Көгілдір такси", "Желтоқсан желі" сияқты қойылымдарда түрлі образдарды сомдады.

2001 жылы "Хабар" арнасындағы "Ұят болмасын" бағдарламасында жүргізуші болып, көпшілікке кеңінен танылды. Сол жылы республикалық әзіл-сықақ байқауында әншілерге пародия жасағаны үшін бірінші орын иеленді. Айгүл Иманбаева кино саласында да бірнеше сәтті рөлдерімен көрермен есінде қалды. 2004 жылы "Мосфильм" түсірген "Человек ветер" фильмінде Шолпан есімді қыздың рөлін сомдады. Кейін "Сүйінші" фильмінде Нұрсұлтан Назарбаевтың анасының бейнесін экранға алып шықты. 2010 жылы "Ғашық жүрек" фильмінде Майра Итаяқованың образын сомдап, бұл туындының екінші бөліміне де қатысты. Эстрада саласында ол 1999 жылдан бері белсенді өнер көрсетіп келеді.

Оның шығармашылық қоржынында бірнеше бейнеклип пен отыздан астам ән бар. 2007 жылы әнші "Таңғы елес" атты алғашқы жеке шығармашылық кешін өткізді. 2006 жылы Айгүл Иманбаева "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. 2011 жылы ол жеке "А.И" драма театрын ашып, шығармашылық ізденісін жаңа бағытта жалғастырды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанған Айгүл Иманбаева бүгінде әншілік, актерлік және театр өнерін қатар дамытып жүрген көпқырлы өнер иесі ретінде бағаланады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары