Қазақстандық танымал әнші Медеу Арынбаев марқұм жұбайы Айгүлді еске алып, жүрек сырын ақтарды. Өнер иесі арада қанша уақыт өтсе де, жарына деген махаббаты мен сағынышының басылмағанын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Әнші Stan.kz YouTube арнасына берген сұхбатында шынайы махаббат, адалдық және өмірлік серігіңді жоғалтудың қаншалықты ауыр екені туралы әңгімеледі.
Медеу Арынбаевтың айтуынша, нағыз махаббат адамның өміріне ерекше мән беріп, оның дүниетанымы мен мақсаттарын өзгертетін сезім.
"Махаббат деген – мәңгі сүю, күнәсіз адалдық деп бекер айтпайтын шығар. Тарихта мәңгі сүйгендер, адал болғандар бар. Олар аңыз, ән болып жеткен", – деді әнші.
Өнер иесі адамның өмірлік серігін тірі кезінде бағалай білуі маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, жақын адамы өмірден өткеннен кейін айтылмай қалған сөздер мен орындалмаған армандар адамның жүрегінде ұзақ сақталады.
"Бір адамды өмір бойы сүйіп өтсең, тірі кезінде бағалай білсең, махаббаттың шыңы сол. Ал дүние салып кеткеннен кейін әттеген-айың бар. Болса екен деген ойың, кешірімің, өкінген жағдайың қосылып, тұрақтылыққа ұласады", – деді Медеу Арынбаев.
"Басқа адамдармен араласып кететін шығармын деп ойладым"
Әнші жұбайы Айгүл өмірден өткеннен кейінгі алғашқы жылдары басынан өткен сезімдері туралы да ашық айтты. Ол уақыт өте келе өмірінде жаңа қарым-қатынас басталуы мүмкін деп ойлағанын жасырмады.
Алайда марқұм жарының мейірімі мен екеуінің арасындағы шынайы махаббатты ұмыта алмаған.
"Басында Айгүл дүниеден өткенде уақыт өткесін пендешілігіме салып, басқалармен ойнап-күліп кететін шығармын дедім. Бірақ оның ыстық махаббаты, арамыздағы шынайылық қайта-қайта есіме түсе берді. Жыл өткен сайын құндылығы өсе берді", – деп бөлісті өнер иесі.
Медеу Арынбаев кейін өмірінде кездескен адамдарды да еріксіз марқұм жұбайымен салыстырғанын айтты. Әншінің сөзінше, Айгүлдің өмірден өтуі өзіне ғана емес, бүкіл отбасына ауыр тиген. Соған қарамастан, ол жарының артында қалған балаларына деген жауапкершілікті сезініп, өмірін жалғастырған.
"Кейде жылап аламын"
Сұхбат барысында әнші жұбайын сағынған сәттерде әлі күнге дейін көзіне жас алатынын жасырмады.
"Менің басымдағы қайғыны Айгүл алып кеткен сияқты болды. Бізге тек ақ жол, жарқын өмір қалдырып кеткендей болды. Балаларды маған аманаттап тастап кеткеніне де өкінемін. Жылап та аламын. Әртүрлі жағдай болады", – деді ол.
Өнер иесі марқұм жарының жарқын бейнесі мен отбасында өткізген бақытты күндері жадында мәңгі сақталатынын жеткізді. Медеу Арынбаевтың айтуынша, шынайы махаббат тек бірге өткізген уақытпен өлшенбейді. Адам өмірден өтсе де, оған деген құрмет пен сүйіспеншілік жоғалмайды.
Медеу Арынбаев кім?
Медеу Арынбаев – қазақ эстрадасының белгілі әншісі, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1967 жылы 5 наурызда қазіргі Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Дарбаза ауылында дүниеге келген.
Өнер иесі 1990 жылы Ташкенттегі эстрадалық студияны тәмамдаған. Кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыкалық-педагогикалық факультетінде білім алған. Әнші шығармашылық жолында "Гүлдер" ансамблінде өнер көрсетіп, кейін белгілі "АБК" тобының құрамында кеңінен танылды. Аталған топта ол Қыдырәлі Болманов және Ерлан Көкеевпен бірге өнер көрсеткен.
Медеу Арынбаев әншілікпен қатар композиторлық қызметпен де айналысады. Ол бірнеше халықаралық байқауда жүлделі орындарға ие болып, 2002 жылы "Алтын адам" ұлттық сыйлығын алған. 2015 жылы оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.
Әнші шығармашылығында махаббат пен адалдық тақырыбына ерекше мән береді. Ол сұхбаттарында марқұм жұбайы Айгүлге деген сағынышы мен отбасы туралы жиі айтып келеді.
Медеу Арынбаевтың әйелі қашан қайтыс болды?
Медеу Арынбаевтың жұбайы Айгүл Үмбетәлиева 2010 жылдың желтоқсан айында 41 жасында инсульт салдарынан өмірден өткен.
Айгүл кәсіби музыкант болған. Ол скрипка және альт аспаптарында ойнап, Мемлекеттік филармонияның симфониялық оркестрінде еңбек еткен.
Медеу Арынбаев болашақ жарымен 1996 жылы "АБК" тобының концерттерінің бірінде танысқан. Екеуі 1998 жылғы 8 қарашада шаңырақ көтерген.
Ерлі-зайыптылар Дәулет есімді ұл мен Даяна есімді қыз тәрбиелеген.
Әншінің айтуынша, Айгүл өмірден өткен кезде балалары әлі кішкентай болған. Жұбайының қазасынан кейін Медеу Арынбаев екі баласының тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген.
Өнер иесі бұған дейінгі сұхбаттарында марқұм әйелінің соңғы күндерін де еске алған. Оның сөзінше, Айгүл ауруханаға түскеннен кейін денсаулығы күрт нашарлаған. Соңғы сөйлескен сәттерінің бірінде ол күйеуіне балаларға қамқор болуды аманаттаған.
Жұбайының қазасы әншінің өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі болған. Арада жылдар өтсе де, ол Айгүлдің орнын ешкім баса алмағанын айтып келеді.
2025 жылғы сұхбатында Медеу Арынбаев жарының өмірден өткеніне 15 жыл болғанын айтып, кейін өзге адамдарға ғашық болып көргенімен, ешқайсысынан Айгүлмен арадағы сезімді таба алмағанын жеткізген. Әнші жұбайын еске алатын әндер орындап, оның жарқын бейнесін шығармашылығы арқылы сақтап келеді.