Malim.kz
Қоғам

"Балаларды өзіңе тапсырдым": Медеу Арынбаев марқұм жарының соңғы күндері туралы айтты

• Мадияр Қапанбек
Медеу Арынбаев. Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, белгілі әнші Медеу Арынбаев өмірден ерте озған жары Айгүлді еске алып, отбасылық өміріндегі ең ауыр сәттер туралы сыр шертті. Өнер иесі жұбайының соңғы күндерін, балаларының анасыз қалған сәтін және әлі күнге дейін өкінетін әрекетін айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz.

Әнші бұл туралы Urpaq подкастына берген сұхбатында баяндаған. 2024 жылы жарияланған сұхбатта Медеу Арынбаев 2010 жылы өмірден өткен жарының қазасын әлі де ауыр қабылдайтынын жеткізген. Оның айтуынша, Айгүлдің дүниеден өтуі отбасы үшін күтпеген қайғылы оқиға болған.

"Үйге келсем, әйелім құлап жатыр екен"

Медеу Арынбаев жұбайының денсаулығында бұрыннан қиындықтар болғанын айтқан. Оның сөзінше, Айгүлдің қан қысымы жас кезінен төмен болған. 2010 жылдың басында әнші әдеттегідей студияға жұмысқа кеткен. Ал үйде жұбайы екі баласымен қалған. Сол күні үйге оралған өнер иесі әйелінің ес-түссіз жатқанын көрген.

"2010 жылы дүниеден озды. Дүние төңкеріліп кеткендей болды. Қыз күнінен қан қысымы төмен болатын. Сол дерт алып тынды. Ұлым – 10 жаста, қызым – 8-де еді. Мен студияға кеткенмін. Үшеуі үйде қалған. Жаңа жылдың басы болатын. Бір күні үйге келсем, әйелім құлап жатыр. Балалар қорқып кеткен, жылап отыр", – деп еске алды әнші.

Ол осы оқиғаға дейін отбасының күнделікті тіршілігін түгелдей дерлік жары реттеп келгенін мойындаған. Тіпті төтенше жағдайда жедел жәрдемді қалай шақыру керегін білмегенін де жасырмаған.

"Сол кезде жедел жәрдемді қалай шақыратынымды да білмейтінімді түсіндім. Менің міндетім – тек ақша табу. Қалғанын Айгүл реттеп отыратын", – деді өнер иесі.

"Балаларды өзіңе тапсырдым"

Әншінің айтуынша, оқиға кешкі уақытта болғандықтан, Алматы көшелерінде көлік кептелісі басталған. Салдарынан жедел жәрдем шамамен бір сағаттан кейін жеткен. Айгүл ауруханаға жеткізілген кезде Медеу Арынбаев оның өміріне қауіп төніп тұрғанын сезбегенін айтады.

Дәрігерлер ем қабылдағаннан кейін үйіне оралуы мүмкін екенін айтқандықтан, ол жұбайының сауығып кететініне сенген. Тіпті ауруханаға түскеннен кейін екеуі телефон арқылы сөйлескен. Сол әңгіме әншінің есінде мәңгі сақталып қалған.

"Жарымнан мәңгіге айырылып қаламын деп ойламадым. Ауруханаға алып кеткеннен кейін телефонмен сөйлестік. Дәрігерлер де "емін алғаннан кейін үйге қайтады" деді. Соған сендім", – деді ол.

Медеу Арынбаевтың айтуынша, Айгүл сол әңгімесінде де ең алдымен балаларының жағдайын сұраған.

"Балалар шошып қалған жоқ па, балаларды өзіңе тапсырдым" деп айта берді. Түнгі 11-де жағдайы күрт нашарлап, содан оянбады. Әлі күнге дейін жарымның дүниеден өткеніне сене алмаймын", – деп еске алды әнші.

Өнер иесі кейін ойланып қараса, жұбайы соңғы кезеңде балаларының болашағына алаңдап, оларды өзіне аманаттап жүргендей әсер қалдырғанын жеткізді.

"Жылап тұрғанын көрдім. Сол үшін өзімді кешірмеймін"

Медеу Арынбаев сұхбат барысында отбасылық өміріндегі бір оқиғаны ерекше өкінішпен еске алған. Оның айтуынша, жары Айгүл кәсіби скрипкашы болған. Отбасының материалдық жағдайы жеткілікті болса да, ол жұмысын жалғастыруды қалаған.

Бір күні әнші жұмыстан шаршап келгенде үйде кешкі ас дайын болмаған. Сол сәтте ол жұбайына дауыс көтергенін мойындады.

"Бір күні үйге шаршап келгенде тамақ дайын болмапты. Сол кезде дауыс көтердім. Тамақ үшін емес, жұмыс істеп жүргеніне ашуландым. "Менің тапқаным жетіп жатыр, не жетпейді саған?!" деп айқайға бастым", – деді әнші.

Кейін ерлі-зайыптылар балаларын ертіп, шығыс асханасына кешкі ас ішуге барған. Алайда сол жолы лифтіде тұрған кезде әнші жұбайының үнсіз жылап тұрғанын байқаған. Бұл көрініс оның жадында өшпестей сақталып қалған.

"Сосын балаларды киіндіріп, шығыс асханасынан кешкі ас іштік. Лифтіде тұрған уақытта көзінен жас шығып, жылап тұрғанын көрдім. Сол әрекетім үшін өзімді ешқашан кешірмеймін", – деп жан сырын ақтарды Медеу Арынбаев.

Әншінің сөзінше, бұл оқиға кейін өзі үшін үлкен өкінішке айналған.

"Бәрі жақсы, балаларға қамқор болшы"

Медеу Арынбаев жұбайының өмірінің соңғы кезеңінде көңіл күйі өзгеріп, жиі ойға шомып жүретінін де айтқан. Ерлі-зайыптылар өзара көбіне орыс тілінде сөйлескен. Сол кезде Айгүл күйеуіне балаларға қамқор болуды жиі ескертіп отырған.

"Өмірінің соңғы кезеңінде қатты құлазып жүрді. Екеуміз орысша сөйлесетінбіз. "Бәрі жақсы менде, балаларға қамқор болшы. Біздің балаларымыз әлемдегі ең әдемі балалар" деп айта беретін. Сол кезде-ақ маған ақырындап балаларды тапсыра берген екен ғой", – деді өнер иесі.

Әнші жұбайының бұл сөздерінің мәнін кейінірек тереңірек түсінгенін жеткізген. Ол отбасын материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуді басты міндеті деп қабылдап, күнделікті тұрмыстағы жауапкершіліктің басым бөлігін Айгүлге жүктегенін де мойындаған.

Айта кетейік, Медеу Арынбаевтың жары Айгүл 2010 жылы дүниеден өткен. Сол кезде олардың ұлы 10 жаста, қызы 8 жаста болған. Әнші 2024 жылғы сұхбатында жұбайының қазасынан кейінгі сезімдері мен өміріндегі ең үлкен өкініштерінің бірі туралы ашық айтқан.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары