АҚШ-та әйел құрамында шеге мен металл сынықтары болған балмұздақты жеп, ірі көлемде өтемақы алды, деп хабарлайды Malim.kz.
The New York Post басылымының жазуынша, оқиға 2018 жылдың 11 қыркүйегінде Флорида штатындағы Палм-Бей қаласында болған. Әйел Bruster’s Ice Cream желісінің автокассасынан пекан жаңғағы бар балмұздақ сатып алған. Алғашқы тістеген сәтте-ақ ол тамағында бірдеңе тұрып қалғандай сезінген. Кейін ауруханада оның металл шегені жұтып қойғаны анықталған. Сот құжаттарында десерттің құрамында тек шеге ғана емес, ұсақ металл бөлшектер де болғаны айтылған.
Оқиға салдарынан әйел бас, мойын, аяқ-қол және жүйке жүйесі бойынша ауыр әрі қайтымсыз жарақат алған. Сонымен қатар денесінде айтарлықтай тыртықтар қалып, ең ауыр зардап ретінде ана болу мүмкіндігінен айырылған.
Зардап шеккен әйел мен оның жұбайы бұл жағдай олардың отбасы құру жоспарларына үлкен соққы болғанын айтқан. Бұдан бөлек, емделуге кеткен шығын мен табысынан айырылуы қаржылық қиындықтарға әкелген.
Тергеу барысында дүкендегі өндірістік жабдықтың істен шыққаны анықталған. Соның салдарынан балмұздаққа металл бөлшектері түсіп кеткен.
Алғашында отбасы ең төменгі өтемақыны талап еткен. Алайда алқабилер жарақаттың ауырлығын ескеріп, әйелге 14 миллион доллар көлемінде өтемақы төлеу туралы шешім шығарды. Сарапшылардың пікірінше, репродуктивті денсаулыққа келтірілген зиянға байланысты мұндай істерде өтемақы көлемі бұдан да жоғары болуы мүмкін.
Бұған дейін 82 жастағы қария күйеу баласына өзінің бүйрегін беріп, ажалдан арашалап қалғанын жазған едік. Сондай-ақ бірнеше ауруды арқалаған әйел 60 жасында алғаш рет ана атанғаны туралы оқиғаны баяндағанбыз.