Ұлыбританияда 82 жастағы Грэм Сиссон күйеу баласының өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Malim.kz.
People басылымының жазуынша, Йен Тонкс 2018 жылдан бері бүйрек жеткіліксіздігімен күресіп, тұрақты түрде диализ қабылдап келген. Бұл процедура оның өміріне айтарлықтай әсер етіп, жұмысынан және сүйікті істерінен бас тартуына себеп болған. Дәрігерлер оған шұғыл түрде донорлық бүйрек қажет екенін айтқан.
Жақындары мен достары көмектескісі келгенімен, олардың ешқайсысы донор болуға сәйкес келмеген. Сол кезде 82 жастағы қайын атасы өз бүйрегін беруге келісімін берген. Тексеру нәтижесінде ол Тонксқа толық сәйкес келген.
Жасына қарамастан, Сиссон операцияға дайындалып, батыл қадамға барған. Тонкстың айтуынша, ол қайын атасының жанқиярлығына қатты таң қалған.
Екі ер адам да операция алдында сабырлы болғандарын айтады. Сиссон тек отадан кейінгі қалпына келу кезеңіне алаңдағанымен, бәрі сәтті өткен. Трансплантация ойдағыдай жүзеге асып, екеуі де тез арада сауығып кеткен.
Қазір Йен Тонкс қалыпты өмірге қайта оралып, футбол матчтарына барып, концерттерге қатысып, жақындарымен уақыт өткізіп жүр. Оның айтуынша, аппаратқа тәуелді болмай, еркін өмір сүру – әлі күнге дейін ерекше сезім.
Ал Сиссон жасаған ісін ерлік деп есептемейді. Ол тек бәрінің сәтті аяқталғанына қуанышты екенін айтқан.
Бұған дейін бірнеше ауруды арқалаған әйел 60 жасында алғаш рет ана атанғанын жазған едік.
