Вьетнамда 60 жастағы әйел алғаш рет ана атанды. Сәбидің салмағы – 2,8 келі. Бұл туралы Malim.kz. порталы Tuoi Tre News-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Әйел жүктіліктің 38 апта 2 күнінде ауруханаға бірнеше күрделі диагнозбен түскен.
Дәрігерлердің айтуынша, науқаста созылмалы гипертония, күн сайын инсулин қабылдауды қажет ететін гестациялық диабет, сондай-ақ бұрын жасалған гинекологиялық операциялар болған. Осыған байланысты инсульт, қан құрамындағы қанттың күрт өзгеруі, қан кету және инфекция қаупі жоғары болған.
Мамандар мұндай жаста жүктілік ағза үшін үлкен сынақ екенін атап өтті. Әсіресе жүрек-қан тамырлары және эндокриндік жүйелерге түсетін салмақ ауыр болады.
Кесарь тілігі операциясы профессор Нгуен Зуй Аньның жетекшілігімен жүргізілді. Ол операция барысында әр кезеңді мұқият бақылап, пациентке қолдау көрсеткен.
Нәтижесінде босану сәтті өтіп, 2,8 келі салмақтағы дені сау сәби дүниеге келді. Айта кетерлігі, нәресте 20 наурыз – Халықаралық бақыт күні дүниеге келген. Дәрігерлер мұны символикалық сәйкестік деп бағалады.
Еске сала кетейік, Қытайда дүниеге келіп, Нидерландта өскен Хун Янли есімді 28 жастағы қыз араға ұзақ жылдар салып, туған ата-анасымен қайта қауышқанын жазған едік. Сондай-ақ Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында тұратын 24 жастағы әйел ұзақ уақыт бедеулікпен күресіп, ақыры Ухань қаласында бесеуін бірден дүниеге әкелген еді.
