Журналист Жанар Байсеміздің YouTube подкастында қонақ болған продюсер әрі актриса Мөлдір Мұқанова бұрынғы жұбайы, белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың басынан өткен ауыр ота жайлы алғаш рет айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, Тұрсынбек Қабатовқа Алматыдағы ауруханалардың бірінде күрделі операция жасалып, бассүйегінің 25 пайызы алынған. Алайда отаға нақты не себеп болғанын Мөлдірдің өзі де білмейтінін жеткізді.
"Біреу ұрды ма, әлде өзі құлады ма – белгісіз. Ал Тұрсынбектің өзі "құлап қалдым" деп айтты. Егер адамның басы толық домалақ болса, соның төрттен бірі жоқ. Дәрігерлер сүйекті орнына қайта қоя алмай, пластикалық қорғаныш қойған. Операциядан кейін үйге оралды, ұзақ уақыт ем қабылдады. Ер адам болған соң, басына іс түссе, ең алдымен әйелін іздейді ғой. Сол кезде "Тұрсынбек, сен неге сондайсың?" деп әзілдейтінмін. Өнер адамы да адам ғой, ауырмай тұрмайды. Ол кезде халық та, көрермен де қатты алаңдады. Біз де қатты уайымдадық", – деді Мөлдір Мұқанова.
Ал әзілкештің өзі бұған дейін басынан өткен жағдайды әзілмен жеткізген еді.
"Басыма ота жасалды. Тромб болып, дәрігерлер басымның "қақпағын" алып тастады. Қазір алдарыңызға жартыбас болып шықтым. Көп сөйлеп кетсем, түсіністікпен қараңыздар", – деген болатын Тұрсынбек Қабатов.